Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолдың болашағы сенімді қолда

Теміржолдың болашағы сенімді қолда

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның XIV Республикалық жастар форумы өз жұмысын аяқтап, қатысушыларға кездесулерге, тәжірибе алмасуға, оқуға және шабытқа толы төрт күн сыйлады. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ден астам жас маман қатысты. Сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Моңғолия және Армениядан келген халықаралық делегацияның қатысуы форумға ерекше серпін беріп, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтті.
Бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да 117 мыңнан астам қызметкер еңбек етсе, оның 38,8 мыңы – жас мамандар. Дәл осы жастар компаниядағы өзгерістер мен жаңашылдықтың қозғаушы күші болып отыр.
Форумның салтанатты жабылу рәсімі «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдабергеновтің құттықтау сөзімен басталды. Ол жастардың компания дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті:
– Сіздер – теміржол саласының болашағысыздар. ҚТЖ-да жастардың энергиясы мен идеялары нақты жобаларға айналуы үшін барлық жағдай жасалған. Біз тек жас мамандарды дайындап қана қоймай, тәлімгерлік арқылы ардагерлердің тәжірибесін де жеткіземіз. Бұл форум бастамашылдық, креативтілік және нәтижеге жұмыс істеу – компания дамуының басты қозғаушы күші екенін көрсетті. Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз – тек ҚТЖ-ның емес, бүкіл саланың әрі елдің болашағына қосқан үлесіңіз, – деді ол.
Сонымен қатар форум аясында бірқатар байқаулардың қорытындысы шығарылды. «Zaman AI» байқауында бірінші орынды Атырау эксплуатациялық локомотив депосының инженер-технологы алды.
Тағы бір мақтанышпен айтар жайт аралдық арулардың марапат төрінен көрінуі болды. «Қарттарға қамқорлық» номинациясында Арал теңізі станциясының вокзал бойынша кезекшісі Зәмзагүл Қарақұлова бірінші орынды иеленсе, «Табиғатқа қамқорлық» номинациясында Балқаш дистанциясының электрмеханигі Венера Ерманова үздік атанды. Венера ауданның тумасы. Нақтырақ айтар болсақ тоғыз жолдың торабына айналып, теміржолшылардың қатарын көбейткен Сексеуіл кентінің тумасы. Шеберлігімен танылған шойынжолшылар ауылынан шығып, бүгінде қай жерде болса да өзінің үздіктігін дәлелдеп келеді.
Мұнан бөлек жастар форумына жерлестеріміз, Арал аудандық мәслихат депутаты, Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов, осы депоның қызметкерлері, "100 жас есім" иегерлері Талғат Төрединов, Рамил Смағұлов, Ақбота Жалмұрзаевалар арнайы қатысты. Бұл қатарда Еркебұлан Бауыржанұлының есімін ерекше айта кетуге болады. Дәл осы жастар форумында алғашқы болып "Үздік теміржолшы" марапатына ие болған Еркебұлан жастарға талпыныс пен ұмтылыстың, ерінбей еңбек етудің соңы биікке бастайтынын анық көрсете білді.
Алдағы ауқытта да аудан теміржолшылары талай биікті бағындырып, мерей мұзартынан көрінетініне сенім мол.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
23 желтоқсан 2025 ж. 278 0