Қызылорда облысында екі ауылға бірдей қызмет көрсететін жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Қызылорда облысының Жалағаш ауданында қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысан №14 учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді. Жаңа пункт Жаңадария және Аламесек ауылдық округтеріне ортақ болып, екі елді мекен халқына бірдей қызмет көрсетеді.Бұл бастама – құқық бұзушылықтың алдын алу, полиция қызметінің қолжетімділігін арттыру және ауыл тұрғындарының тыныштығын сақтау жолындағы нақты әрі тиімді қадам.
1939 жылы құрылған еңбек пен берекенің мекені Аламесек ауылдық округі аудан орталығынан шалғай орналасқан. Жаңадария ауылынан арақашықтығы 18 шақырым. Мұнда 1 888 адам тұрады. Елді мекенде 32 шаруа қожалығы мен 109 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Халықтың негізгі кәсібі – егін және мал шаруашылығы. Елді мекенде бір мектеп пен ауылдық емхана халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда ауылдық округте 9 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Айта кетерлігі ауылдағы орта мектепте «Жас сақшы» сыныбы ашылған. Арнайы жабдықталған кабинетке осы ауылдың тумасы, ішкі істер саласында адал қызмет етіп, қызмет барысында қаза тапқан Кеңесбек Әбішевтің есімі берілген.
Ал 1963 жылы құрылған Жаңадария ауылдық округі де аудан орталығынан ең алыс орналасқан елді мекендердің бірі саналады. Мұнда 551 адам тұрады. Елді мекенде 23 шаруа қожалығы және 21 кәсіпкерлік субъектісі бар. Қазіргі уақытта 4 бейнебақылау камерасы орнатылып, оларды Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде.
№14 учаскелік полиция пункті Жаңадария ауылындағы Бөлебай би көшесінде орналасқан. Ғимарат заманауи талаптарға сай арнайы техникамен, жиһаздармен толық жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Жалпы аумағы 90,3 шаршы метрді құрайтын нысанда 4 қызметтік кабинет бар. Екі ауылдық округке учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Нұрболат Сыдықұлы қызмет көрсетеді. Ол ішкі істер саласында 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Жаңа полиция пунктінің ашылуы – тұрғындарға құқықтық көмекті жедел көрсетуге, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты нығайтуға, сондай-ақ ауыл өмірінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Учаскелік полиция пунктінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция полковнигі Жаукеев Ердәулет Баянбайұлы ауыл тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған қадамның маңыздылығын атап өтті.
«Жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыру мен Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыру бағытында атқарылатын жұмыстарға, учаскелік полиция инспекторлары халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға және тұрғындарға дер кезінде көмек қолын созуға, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тез әрекет етуге, құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізуге учаскелік полиция пунктінің орасан зор көмегі болатындығы баршамызға белгілі. Жұмысын бастағалы отырған учаскелік полиция пункті осы елді мекендегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет көрсетеді деп сенеміз.
Барлық игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деді Е.Жаукеев.
Екі ауылдық округке бірдей қызмет көрсететін жаңа учаскелік полиция пункті алдағы уақытта екі ауылдың тыныштығы мен тұрақтылығын сақтаудың сенімді тірегіне айналмақ.










