Ауыз сумен қамту мәселесі айтылды
Жаңа жылдың да алғашқы екі аптасын артта қалдырдық. Жұмыс қауырт. Алдағы міндет ауқымды. Таяуда аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен бас қосу соны тағы бір аңғартқандай. Үкімет отырысында көтерілген сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдеу, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу мәселелері кеңінен екшелген жиында тіршілік нәрін ысырап етпеудің маңыздылығы айтылды.Негізінен, бұл мәселеде ауданның мерейі үстем. Президенттің ауыл халқын таза сумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында қыруар іс тындырылды. Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асқан бастамаларды жемісті жалғастырған аудан басшысы шалғай қоныстағы ағайынның таза су тұтынуына барлық тәжрибесін жұмсады. Нәтижесінде, Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендері орталықтандырылған таза ауызсу жүйесіне қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына мол мүмкіндік жасалды.
Аудандақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құдайбергенов баяндама жасап, саладағы өзекті мәселелер төңірегінде сөз сабақтап, кейбір өзекті мәселелерді шешу жолдарын ортаға салды.
Өз кезегінде аудан әкімі салада кемшін тұстар байқалатынын, жұмыстар жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Қазақта «піскен астың күйігі жаман» деген сөз бар. Қыр беткейдегі Қарақұм ауылдық округі, Абай ауылына барады деп күтілген су жүйесін қосу жұмыстары тиісті деңгейде жүзеге асырылмауы салдарынан жергілікті халық таза суды уақытында тұтына алмай қалған. Осы жәйтке ерекше басымдық берген Аманжол Сақыпұлы қолға алынған жобаның мерзімінде және сапалы аяқтау қатаң бақылауда болуы тиістігін жеткізді.
Мұнан соң, көпшілік арасында «Бурабай» атанып кеткен су ұңғымасының құбырларын ретке келтіру жөнінде де әңгіме өрбіп, жауаптыларға тапсырма жүктелді. Жиын қортындысында салада орын алған кемшіліктер жан-жақты зерделеніп, оны қалыпқа келтіру жайы алдағы уақытта қатаң сұралатыны айтылды.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ









