Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституциялық реформалар жөнінде актив отырысы өтті

Конституциялық реформалар жөнінде актив отырысы өтті

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде жаңа Ата Заңның жобасы әзірленіп, қоғамдық талқылауға ұсынылуда. Осыған орай өткен жиынның негізгі мақсаты жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылау және оның негізгі тұжырымдарын жұртшылыққа түсіндіру болды.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен дербес бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйым мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аудан әкімі өз сөзінде Конституцияға енгізілетін тұжырымдамалық өзгерістер мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейтуге, Қазақстан халқына тән негізгі құндылықтар мен қағидаттарды айқындауға, сондай-ақ саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу барысында жаңа Ата Заң жобасындағы бірқатар баптар мен бөлімдердің мазмұны тұтас конституциялық моделді жаңғыртуға, саяси-қоғамдық институттарды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталғаны айтылды.

Актив отырысында Конституциялық реформаға қатысты аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов пен Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Азат Балмырзаева өз пікірлерін ортаға салды.
Ал жаңа Конституция жобасындағы жастардың құқықтарын кеңейтуге, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік беретін маңызды нормалар туралы белсенді жас Ержан Сабырбай өз ойын жеткізді.

Түрлі сала өкілдері бас қосқан жиында ардагерлер мен аға буын өкілдері Конституциялық реформа жайында өз пікірлерін айтып, жаңашылдыққа бетбұрыс жасаған еліміздің болашағы жарқын болуына тілектестік білдірді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ұлтымыздың тарихында алтын әріптермен жазылатын саяси маңызды кезеңде аралдықтар берік бірлік пен белсенділік танытатынына сенім білдіріп, ел өміріндегі маңызы зор бастамаға жұртшылықты белсене қатысуға шақырды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

06 ақпан 2026 ж. 122 0