Конституциялық реформаның басым бағыттары талқыланды
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы Аманөткел ауылы тұрғындарымен ауқымды кездесу өткізді. Жиынның негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру, ұсынылып отырған өзгерістердің мәні мен ел болашағына әсерін жан-жақты баяндау болды.Кездесуге өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов, өңірлік коалиция мүшелері Ержан Искендір мен Садық Мұстафа, аумақтық коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов, сондай-ақ аумақтық коалиция мүшелері Талғат Қанатов және Болатбек Алипов қатысты.
Басқосу барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары кеңінен тарқатылды. Атап айтқанда, әлеуметтік әділеттілікті нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, еңбек адамының мәртебесін арттыру, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселелері қозғалды. Спикерлердің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер ауылдық аумақтардың дамуына жаңа серпін беріп, инфрақұрылым, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларындағы мүмкіндіктерді кеңейтеді.
Сонымен қатар, Конституция деңгейінде бекітілетін кепілдіктер азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді қатысуына жол ашатыны атап өтілді. Бұл қадам қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді арттырып, өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал етпек.










