Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда мен Қарағандыда Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылды

Қызылорда мен Қарағандыда Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылды

Бұл орталықтар ардагерлер мен зейнеткерлердің қоғамдық-мәдени шаралар мен жастар тәрбиесі жұмыстарына белсенді араласуына бағытталған."Ардагерлерді ардақтайық" жобасы аясында Қызылорда қаласындағы Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BNews.kz assembly.kz-ке сілтеме жасап.
"Нұр Отан" партиясы өзінің "Ардагерлерді ардақтайық" жобасының жаңартылған Тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, барлық облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы  "Достық үйлері" жанынан "Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын" ашуды қолға алды.
Аталмыш орталықтар ардагерлер мен зейнеткерлердің қоғамдық-мәдени шаралар мен жастар тәрбиесі жұмыстарына белсенді араласуына және елде қалыптасқан халықтар достығы мен ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін жалғастыруға септігін тигізуіне мұрындық болады деп күтілуде.  
Салтанатты шара мәжіліс залындағы ардагерлерге арналған IT технологиялар тақырыбындағы семинармен жалғасты.
Дәл осындай шара Қарағанды қаласындағы Достық үйінде де өтті.
Қарағандының Достық үйінде зейнет жасындағы азаматтарға арналған "Белсенді өмір" орталығы ашылды. Онда қарттар кез келген уақытта бас қосып, пікір бөлісе алады.
Орталықта мәдени-рухани клубтар, мемлекеттік, ағылшын тілін оқыту  сабақтары және компьютерлік сыныптары  жұмыс істейді. Сондай ақ, кітапхана, шахмат ойыны, демалыс, денсаулық залдары бар. Қолөнермен шұғылданам деушілерге шығармашылықты дамыту орталығы аптаның кез келген күнінде жұмыс істейді. Сол арқылы қалада тұратын зейнет жасындағы азаматтардың уақыттарын тиімді өткізуі үшін жағдай жасау көзделген. Тіпті, психолог пен заңгер кеңесінің қызметі де ұсынылған.
Салтанатты шараға зейнеткерлер, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Альберт Рау, Гүлнар Қадыржанова, этномәдени орталық өкілдері және тағы басқалары қатысты."Өз уақытын заман талабына сай тиімді өткізуі қарттар үшін ғана емес, ең алдымен келешек ұрпақ үшін маңызды. Үлкендеріміздің ұлық жасын қа­дірлеу – баршамызға парыз. Еліміздің өркендеп-дамуына үлес қосқан әр саланың ардагерлері немесе зейнетке енді шыққан азаматтар үшін Достық үйінде ашылып отырған бұл орталыққа келушілердің саны көп болады деп сенеміз.  Сондықтан да, дү­ниетанымы терең ардақты аға-апаларымыз бен жас ұрпақ арасында байланыс орнап, қарияларымызға деген қамқорлығымызды арттыруға, олардың өмір сапасын жоғарылата түсуге бағытталып, арнайы ашылған "Белсенді өмір" орталығының ашылуы ізгі бастама деп білемін", - деді депутат Альберт Рау.
bnews.kz
08 мамыр 2019 ж. 767 0