Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың Көрісу күнімен құттықтауы
Ардақты ағайын!
Баршаңызды 14 наурыз – Көрісу күнімен құттықтаймын!
Наурызнама онкүндігінің алғашқы күні болып саналатын көрісу күні – халқымыздың сан ғасырлық тарихынан тамыр тартқан, береке мен бірлікті, сыйластық пен татулықты дәріптейтін ерекше мейрам.
Бұл күні ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасып, ақжарма тілектерін арнайды. Қыстан аман шығып, көктеммен бірге жаңа үміт пен жаңа бастамаларды қарсы алады.
Бабаларымыз «Амал келді – жыл келді» деп, дәл осы күнді жаңа жылдың бастауындай көріп, бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырып көріскен. Бұл тек амандасу ғана емес, адамдар арасындағы сыйластық пен татулықты, бауырмалдық пен бірлікті нығайтатын үлкен тәрбиелік мәні бар дәстүр.
Осындай игі дәстүр бүгінгі күні де өз жалғасын тауып, халқымыздың рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Құрметті жерлестер!
Халқымызда «Тату елге тоқшылық нәсіп» деген дана сөз бар. Бірлік пен татулық бар жерде береке де болады. Береке-бірлік, тату тірліктің нәтижесінде халқымызбен қайта қауышқан осындай игі дәстүрлерімізді дәріптеу біздің ортақ міндетіміз.
Бүгінде ауданымызда да халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу бағытында көптеген игі шаралар атқарылып келеді. Өскелең ұрпаққа ата-бабадан қалған асыл мұраны насихаттап, ұлттық тәрбиені ұлықтау мақсатындағы іс-шаралар легі бүгіннен басталып та кетті.
Қазақ күнтізбесінде Жаңа жыл ретінде дәріптелетін Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында жылдағы дәстүрге сай Наурызнама онкүндігін атап өтетін боламыз.
Қадірлі жерлестер!
Бір-бірімізге деген сыйластық пен құрмет ешқашан азаймасын! Ағайынның арасы ажырамай, татулық пен бірлік әрдайым берік болсын! Әр шаңырақта шаттық пен қуаныш, береке мен молшылық орнасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бірлігіміз әрдайым бекем болсын!
Осы мерекелі күні баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, аспанымыз ашық болсын!
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі әр шаңыраққа ырыс-береке әкелсін!
Ізгі тілекпен, аудан әкімі Аманжол ОҢҒАРБАЕВ











