Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті

Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті

“AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларының орындалу барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Арал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Айбек Әділұлы Дәрібаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен таныстырды.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша соңғы үш жылда аудан көлемінде көптеген кәсіп бастамаларына қолдау көрсетілген. 2023–2025 жылдары ұсынылған жобалардың ішінде 179 жоба қаржылай қолдауға ие болып, ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауына мүмкіндік берілді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, жаңа жобаларды қаржыландыру көзделіп отыр.

«Жер аманаты» жобасы аясында игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы жоспар толық орындалып, белгіленген көлемнен артық жер қайтарылған. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Сонымен қатар заңсыз пайдаланылған жер телімдерін анықтау бойынша тиісті шаралар қабылданған.

Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға келген жас мамандарға қолдау көрсету жалғасуда. Өткен жылы бірқатар маманға көтерме жәрдемақы беріліп, тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие рәсімделген. Биыл да бағдарламаға қатысуға ниетті мамандар бар.

Отырыс барысында комиссия мүшелері атқарылып жатқан жұмыстар партиялық бақылауда болатынын атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін жеткізді.
18 наурыз 2026 ж. 94 0