ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА МЕРЕКЕЛІК ГАЛА-КОНЦЕРТ ӨТТІ
Наурыз – тек бір күндік мереке емес, ол – халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртатын, рухани құндылықтарды ұлықтайтын ерекше кезең. Осы орайда ұйымдастырылатын Наурызнама онкүндігі аясында әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, ұлттық болмысымызды жан-жақты дәріптеуге бағытталған мазмұнды шаралар легі аудан көлемінде жан-жақты ұйымдастырылды.Онкүндік аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, салт-дәстүрге негізделген мәдени-танымдық іс-шаралар, қайырымдылық акциялар, қолөнер көрмелері мен тағылымды кездесулер ұйымдастырылып, елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға ерекше мән берілді. Бұл күндер – өткен мен бүгінді сабақтастырып, жас ұрпаққа ата-баба мұрасын танытудың маңызды алаңы болды.
Осы мазмұнды онкүндіктің қорытындысы ретінде мерекелік гала-концерт ұйымдастырылып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Салтанатты кешке аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Кеш барысында сахна төрінде әсем ән мен әуезді күй орындалып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйланды. Ән мен жырға толы бұл кеш Наурыздың шынайы рухын сезіндіріп, Ынтымақ күнінің ажарын аша түсті.
Концерттің көркін қыздырған арнайы қонақтар елімізге белгілі дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева мен талантты орындаушы, сахна мәдениетін терең меңгерген аймағымызға белгілі әнші Гаухар Бисекенова өз өнерлерін ортаға салып, халыққа рухани демалыс сыйлады. Олардың орындауындағы әсерлі әндер көрермендердің зор ықыласына бөленіп, кештің шырайын кіргізді.
Осы кеште Наурыз мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, белсенділік танытқан бір топ азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Наурызнама онкүндігі аясында өткен бұл игі шаралар ұлттық құндылықтарды ұлықтап қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтып, елдің еңсесін көтере түсті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі









