Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЗ-НАУРЫЗДЫ АРАЛДЫҚТАР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТКІЗДІ

ӘЗ-НАУРЫЗДЫ АРАЛДЫҚТАР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТКІЗДІ

Бүгін аудан орталығында «Нұр төгілсін еліме – Әз Наурызда!» атты ауқымды мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Наурыз – ұлтымыздың ұлы мұрасы, ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазынамыз. Бұл – табиғат түлеп, тіршілік жаңарып, күн мен түн теңелетін, жақсылық пен жаңарудың бастауы болған ерекше кезең. Ұлыстың ұлы күнінде халқымыз «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп, өкпе-ренішті ұмытып, ағайын арасындағы татулықты бекемдеген. Әр шаңырақта ақ дастарқан жайылып, ізгі тілектер айтылып, береке мен бірлік салтанат құрған.
Биыл да ауданымызда Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтіп, әсіресе Наурызнама онкүндігі аясындағы іс-шаралар мазмұны мен маңыздылығы жағынан айрықша ерекшеленді. 14 наурыз – Амал мерекесінен бастау алған тағылымды күндер әр күн сайын түрлі мәдени, рухани және танымдық шаралармен толықты. Ауданға қарасты кенттер мен ауылдық округтерде де ұлттық дәстүрдің көрінісі кеңінен насихатталды.
Бүгінгі мерекелік шараға аудан тұрғындары көптеп жиналып, қазақы салт-дәстүрмен сабақтасқан көріністердің куәсі болды. Салтанатты жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов пен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Мереке барысында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Жолкелдіұлы өңірдің қоғамдық-мәдени өміріне белсене атсалысқан бір топ азаматтарды Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Наурызнама онкүндігі аясындағы шараларды жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Мәртебелі меймандар ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерді аралап, онда көрсетілген салт-дәстүрлер мен жөн-жоралғыларға куә болды. Сондай-ақ тәй-тәй басқан сәбилердің тұсауын кесіп, ақжол тілеп, елдің ертеңіне ақ батасын берді.
Бұл күні ұлттық спорт түрлеріне де ерекше мән берілді. Асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, қазақ күресі, қол күрес, батпан көтеру және садақ ату сынды ойындар көпшіліктің қызығушылығын арттырды. 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай іріктеу кезеңдерінен өткен спортшылар бүгінгі аламанда өзара мықтыны анықтап, тартысты бәсеке көрсетті.
Осылайша Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған мазмұнды да тағылымды шаралар аудан өміріне ерекше серпін беріп, жұртшылықтың мерекелік көңіл күйін еселей түсті. Әз Наурыз – береке мен бірліктің, жаңару мен жақсылықтың бастауы екені тағы бір мәрте айқындалды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
22 наурыз 2026 ж. 100 0