Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Керуен кернейлеткен Көрісу күні

Керуен кернейлеткен Көрісу күні

Арал өңірінде Наурыз мейрамының бастауы саналатын 14 наурыз – Көрісу күні ерекше сән-салтанатымен тойланды. Халық арасында «Амал келді, жыл келді» деп аталатын бұл мереке татулық пен берекенің, жаңару мен жақсылықтың жаршысы саналады.
Көпшілік асыға күткен мерекелік шаралар бүгін қаланың орталық алаңында бастау алды. «Көрісу күні – Амал мерекесі» аясында ұйымдастырылған театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарлама жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл күй қалыптастырды.
Мерекелік думан қаланың басты көшесімен өткен керуеннен басталды. Ұлттық нақышта безендірілген керуен қазақ халқының көшпелі мәдениеті мен салт-дәстүрін айшықтап, орталық алаңға жиналған тұрғындармен көрісу рәсімін жасады. Бұл көрініс көпшілікке ұлттық құндылықтарымыздың терең мәнін тағы бір мәрте сезіндірді.
Орталық алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлер мерекенің сәнін келтіріп, олардың әрқайсысында ұлттық дәстүрге негізделген тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданның ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерімен бірге киіз үйлерді аралап, тұрғындарды Амал мерекесімен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дайындалған ет, сүт және нан өнімдері ұсынылып, жергілікті кәсіпкерлер өндірген өнімдердің көрмесі өтті. Сонымен қатар жыр-терме кеші, театрландырылған концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін музейлік көрме, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін сахналық көріністер ұйымдастырылып, көпшілік ризашылығына бөленді.
         Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған мазмұнды шаралар ауданның мәдениет мекемелері мен түрлі сала өкілдерінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде жоғары деңгейде өтті.

А.НҰРЛАНОВА
---
17 наурыз 2026 ж. 122 0