Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалықтар амал күнін тойлады

Қызылордалықтар амал күнін тойлады

Көктемнің шуақты лебі сезіліп, табиғат жаңарған шақта халқымыздың ең қастерлі мерекелерінің бірі – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы Көрісу күні ерекше мәнге ие.
Дәстүр мен тағылым тоғысқан бұл мерекеде халқымыздың бір-бірімен қауышып, амандық сұрасуы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі – ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі.
Осы игі мереке аясында ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтаған «Амал келді, жыл келді» атты тағылымды шара өтті. Арнайы безендірілген алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көріністер қойылды. Киіз үй жанындағы шетенде жаңа туған қозы-лақтар көрініс тауып, табиғат пен тіршіліктің жаңаруын айшықтады.

Шараның шымылдығы көпшілік тамашалаған ұлттық нақыштағы көрмеден кейін үш бүлдіршіннің тұсау кесу рәсімімен ашылды. «Жақсылардан жұғым болсын» деген ізгі ниетпен Бағдатұлы Дінмұхаммед, Айдосұлы Ердәулет және Әлішерқызы Айлиннің тұсауы кесіліп, ел ағалары ақ батасын берді. Бұл – болашаққа қадам басқан жас ұрпаққа ақ жол тілеген халқымыздың көне дәстүрінің нышаны.
Салтанатты сәттен кейін мерекелік бағдарлама ұлттық би мен театрландырылған қойылымға ұласып, жас әртістер көрісу күнінің мәні мен маңызын көркем бейнеледі. Балалар мен үлкендердің көрісу дәстүрі, табиғаттың жаңаруы, Нәурізек құсының келуі арқылы бірлік пен берекенің символдық көрінісі сахналанды.
Мерекелік жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов жиналған көпшілікті көрісу күнімен құттықтап, ел бірлігі мен берекесінің арта беруіне тілектестік білдірді.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы осындай тағылымды шаралар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына салт-дәстүрге деген құрметті қалыптастыра түсетіні анық.
14 наурыз 2026 ж. 101 0