Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

Мейрамды аудан жұртшылығы да кең көлемде атап өтті. Жыл басы саналатын Ұлыстың Ұлы күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті де киелі саналған. Орталық алаңдағы мерекелік шара мәдениет үйі қызметкерлерінің театрландырылған көрінісінен бастау алды. Ақ отауға енген жас келінді түсіру кезінде жасалатын ұлттық дәстүрлер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ қазақы ғұрыптың сабақтастығы саналған түрлі ырым-жоралғылар бұл тойда мінсіз көрініс тапты. Тұсау кесу, көрісу, жүн сабап, диірмен тарту сынды көмескі ғұрыптар да болды. Тайқазанда Наурыз көже дайындалып, жиналған көпшілік дәм татты. Мұнан соң салтанатты шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев:

Биылғы жылдың ерекшелігі ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Наурыз мерекесін тойлаудың 10 күндігіне арналған жаңа тұжырымдаманы бекітті. Тұжырымдамаға сәйкес әр күннің маңызы айшықталып, 14 наурыздан бастау алған шаралар жалғасын табуда. Ағайын арадағы өкпе-ренішін ұмытып, білместікпен жасалған қателігін кешірген. Аналарымыз қыстай сақтаған дәм-тұзын «аман шықтық» деп бір қазанға тоғыстырған, елге мерей, жұртқа мейір сыйлаған мейрам – еңсесі биік елдіктің, іргесі мығым бірліктің, тұтастық пен ынтымақтың салтанаты.
Бүгін, міне, өздеріңізбен бірге мейірім мен шапағатқа толы мерейлі мерекені жарқын көңілмен, ақ пейілмен қарсы алып отырмыз. Алдымызда айқын міндеттеріміз бен жоспарларымыз жеткілікті. Атқарылған істерге тоқмейілсімей, жоғары жетістіктерге ұмтылуымыз қажет. Бұл сіздер мен біздер біріге отырып еңсере алатын шаруалар. «Іргесі берік елді жау алмас, аузы бір елді дау алмас» деген бабалардан жеткен дана сөз бар. Берекелі бірлігіміз – толымды істеріміздің ұйытқысы болсын. Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын! Тіршілік жаңарып, жыл бастауы болған Әз-Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Ұлыс оң болсын! – деген ізгі тілегін білдіріп, аудан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.

Ұлттық дәстүрден сыр шертетін арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру, ләңгі тебу танымдық ойындары ұйымдастырылып, қатысушылар өзара сынға түсті. Наурыз тойына келген ақсақалдар мен қариялар наурыз көжеден дәм татып, ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
"Толқын" ақпарат