"Жаңа күннің" жақсылығы
Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңаратын мезгіл. Еліміз Әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстаған ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарханнан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген. Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы.Қасым-Жомарт Тоқаев
Иә, қазақ халқының сан ғасырлық тарихымен бірге жасап келе жатқан, терең мағынаға ие ұлы мереке – Наурыз.«Жаңа күн» күн мен түннің теңелуімен ғана шектелмейді, ол – табиғаттың қайта жаңаруы, тіршіліктің жандануы, адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен ықыласының артуы, өткен өкпе-назды ұмытып, жаңа өмірге қадам басудың символы. Сондықтан да халық оны «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.
Наурыз мерекесіін Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы тойланып келеді. Парсыша «наурыз» бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Ал бұрынғы қариялар 22 наурызды «Қызылбастың наурызы» дейді екен (Қызылбас – Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы). Қазақ халқы наурыз демей, «Амал» деген.
Ежелден Наурызды тойлау көшпелі қазақ қоғамында ерекше орын алған. Қыстың қытымыр суығы мен ұзақ түндерінен аман шыққан халық үшін көктемнің келуі үлкен қуаныш еді. Бұл кезеңде адамдар тек табиғаттың ғана емес, өздерінің де жаңарғанын қалады. Сол себепті олар үйлерін тазалап, ескі-құсқыдан арылып, жаңа киім киіп, бір-бірімен көрісіп, араздықтарын ұмытқан. Халық сенімінде бұл түні жер бетінде жақсылық орнап, әр шаңыраққа құт-береке дарытады деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан әр үй дастарханын молынан жайып, келген қонақты ерекше құрметпен қарсы алған.
Алайда тарихтың әр кезеңі бұл мерекеге бірдей мейірімді бола қойған жоқ. XX ғасырдағы Кеңес дәуірінде Наурыз мейрамына ресми түрде тыйым салынып, ол «ескіліктің қалдығы» ретінде қарастырылды. Соның салдарынан халық бұл мерекені ашық түрде тойлай алмады. Дегенмен, ұлттың жадында сақталған дәстүрді ешқандай тыйым өшіре алмады. Ауыл-аймақтарда үлкендер Наурыздың кейбір салттарын жасырын түрде жалғастырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Уақыт өте келе, соңғы рет 1926 жылы тойланған мерекенің елімізге ресми түрде қайтып оралуы үшін аттай 62 жыл қажет болды. Кеңес одағы коммунистік партиясының орталық комитеті Қазақстанда 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісінен кейін қабылдаған «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулы күшінде тұрғанына қарамастан Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шаханов сынды бастарын бәйгеге тіккен көрнекті ұлт қайраткерлерінің белсене атсалысуының нәтижесінде әз Наурыз мейрамы 1988 жылдан бастап қалада да, ауылда да қайтадан тойлана бастады. Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен 22 наурыз Наурыз мейрамы деп жарияланды.
Бүгінде Наурыз – Қазақстандағы ең кең көлемде тойланатын мерекелердің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл – мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйытырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деп, сол жылы «Наурызнама онкүндігі» туралы шешім бекіткен болатын.
Бұл он күндік мерекеде әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, қоғамның әр саласын қамтиды. Көрісу күнінен бастап, ұлттық киім, мәдениет, тазалық, қайырымдылық сияқты бағыттар бойынша түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бұл бастама Наурыздың мазмұнын тереңдетіп, оның тәрбиелік мәнін арттыра түсуде.
Мейрам ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениеттің үйлесім тапқан көрінісіне айналды. Қала мен ауылдағы Наурыз тойының өзіндік ерекшеліктері бар. Ауылдық жерлерде бұл мереке өзінің табиғи болмысын сақтап қалған. Киіз үйлер тігіліп, адамдар бір-бірінің үйіне қонаққа барып, ұлттық тағамдар әзірлеп, дәстүрлі ойындар ұйымдастырады. Мұнда қарапайымдылық пен шынайылық басым. Ал қалаларда Наурыз кең ауқымда, үлкен сахналық қойылымдармен, концерттермен, түрлі мәдени іс-шаралармен атап өтіледі. Этноауылдар құрылып, ұлттық мәдениет кеңінен насихатталады.Наурыздың заман талабына сай дамып келе жатқанының бір көрінісі – осы.
Наурыз мейрамының ажырамас бөлігі – дастархан. Қазақ халқы үшін дастархан –берекенің, бірліктің, қонақжайлықтың белгісі. Бұл күні әр үйде міндетті түрде наурыз көже дайындалады. Жеті түрлі дәмнен жасалатын бұл тағам молшылық пен тоқшылықтың нышаны саналады. Сонымен қатар бауырсақ, ет тағамдары, қымыз бен шұбат сияқты ұлттық сусындар дастарханның сәнін келтіреді. Адамдар бір-біріне қонаққа барып, ақ тілектер айтып, ізгі ниеттерін білдіреді.Наурыз тойы ұлттық ойындарсыз өтпейді. Көкпар, қазақша күрес, асық ату, алтыбақан сияқты ойындар халықтың рухын көтеріп, мерекенің ажарын ашады. Бұл ойындар тек көңіл көтеру құралы ғана емес, олар арқылы жастар батылдыққа, ептілікке, бірлікке тәрбиеленеді. Осылайша Наурыз ұлттық тәрбиенің де маңызды құралына айналып отыр.
Наурыз мейрамының маңызы уақыт өткен сайын артып, халықаралық деңгейде де мойындалды. 2009 жылдың 30 қыркүйегінде UNESCO Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді. Ал 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Сондықтан Наурыз тойы көптеген елдерде аталып өтіп, халықтарды жақындастыратын ортақ құндылық.
Сонымен қатар Наурыз Қазақстанның туризм саласына да оң әсерін тигізуде. Мереке кезінде елге келген шетелдік қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен, өнерімен танысады. Этноауылдар мен фестивальдер арқылы қазақ мәдениеті кеңінен насихатталады. Бұл өз кезегінде елдің халықаралық беделін арттырып, мәдени бренд ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Наурыздың ең басты ерекшелігі – оның адамдарды біріктіруінде. Бұл күні адамдар бір-біріне кешірім жасап, татуласып, жақсылық жасауға ұмтылады. Қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Сондықтан қоғам санасында ол мейірімділік пен адамгершіліктің көрінісі.
Жалпы қазақтың қай мерекесі де халықтың өткенінен сыр шертетін, бүгінін айқындайтын және болашағына бағыт беретін ерекше даталар. Соның ішінде, Наурыз – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділіктің, бірлік пен татулықтың, жаңару мен үміттің символы. Ғасырлар бойы өз мәнін жоғалтпай, қайта жаңғырып келе жатқан бұл мереке әлі талай ұрпақтың рухани тірегіне айналары сөзсіз.
Г.САҚТАПОВА









