Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кезекті сапар Жаңақұрылыс ауылдық округінде жалғасты

Кезекті сапар Жаңақұрылыс ауылдық округінде жалғасты

Аудан әкімі жұмыс сапары аясында Жаңақұрылыс ауылдық округіне барып, бірқатар нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты және ауылдағы мектеп ғимаратында тұрғындармен кездесті.

Жұмыс сапары аясында аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, Ауданда жүзеге асырылған көлемді, нәтижелі жұмыстарды баяндады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, ауыз су жүйесін жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстар кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан басшысы әрбір мәселені назарға алып, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Тұрғындармен болған келелі кездесуде аудан прокуроры Дарын Әбіш тұрғындарды қазіргі кезде белең алған интернет алаяқтық және ауылдық жерлерде орын алып жататын мал ұрлығына қатысты сақтық шараларын қатаң ескеруге шақырды.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы сапар барысында ауылдық кітапханаға барып, оның жұмысымен танысты. Айта кету керек, аталған кітапхана бұрынғы медициналық бекет ғимараты негізінде бейімделіп, қазіргі таңда ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда мұнда 10 мыңға жуық кітап қоры сақталған. Оқырмандардың сүйікті ордасына айналған кітапханада жыл басынан бері түрлі деңгейдегі танымдық шаралар өткізіліп келеді.
Аудан басшысы мұнан соң жаңадан салынған мәдени-демалыс саябағын көріп, тұрғындар үшін жасалған жағдайлар мен абаттандыру жұмыстарының сапасына назар аударды.

Жаңақұрылыс ауылдық округінде алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынатын болады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі

03 сәуір 2026 ж. 49 0