Құландылық ағайынның ұсыныс-пікірлері тыңдалды
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың кезекті жұмыс сапары аудан орталығынан шалғай орналасқан Құланды ауылында жалғасты. Көк айдынның жағасында қоныстанған бұл ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Жағалаудың алыстауына байланысты ата кәсіп – балық шаруашылығы қарқынды дамымаса да, ара-тұра жылым тартатын балықшылар бар.Аудан әкімі жұмыс сапары барысында алдымен «Беларан төбе» шыңындағы Ә.Нұрпейісовке арналған мемориалдық белгіге барды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шығармаларында дәуір шындығын шебер бейнелеген қарымды қаламгер Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің есімі әлем әдебиеті мен қазақ руханиятында айрықша орын алады. Жазушының әдебиеттегі сара жолы мен ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі ел жадында мәңгі сақталады. Осы орайда Беларан төбесінде жазушы рухына Құран бағышталып, тағзым жасалды.
Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан басшысы теңізді өңірде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталды. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ел өміріне қажетті бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Аудан әкімі әр мәселені назарға алып, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Кездесу барысында аудан прокуроры Д.Әбіш қазіргі таңда жиі орын алатын интернет алаяқтық, мал ұрлығына қатысты сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі












