Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаратереңде өзекті мәселелер шешімін тауып келеді

Қаратереңде өзекті мәселелер шешімін тауып келеді

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті сапары барысында Қаратерең ауылында болып, елдегі ағайынның талап-тілегіне құлақ түрді.

Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде тоқталып өтті. Сондай-ақ ауылға ортақ кейбір мәселелерден хабардар екенін жеткізіп, оларды алдағы уақытта шешу жолында жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.

Ауылдағы қатынас құралына айналған жол мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Сәтін салса осы жылы ауылдағы үш көше асфальттанып, электр желісіне байланысты қолға алынған жобалар да қолдау табады деген үміт бар.
Кездесу барысында аудан әкімі ел тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, көтерілген мәселелердің барлығын назарға алды. Ауыл тұрғындары жол мен жайылымдық жер және елдің ырысына баланған көлдер жүйесіндегі кейбір мәселелерге алаңдаушылық білдірді.
Аудан басшысы кейбір сұрақтарға заңдылығына сай жауап беріп, мүмкіндікке қарай тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Кездесуден соң аудан әкімі жеке қабылдау өткізді. Ауыл тұрғыны, көп балалы ананы жұмыс мәселесімен қабылдап, өтінішіне құлақ түрді. Қабылдауда айтылған өтінішті оңтайлы шешілуін қадағалау үшін жауапты тұлғаларға заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

16 мамыр 2025 ж. 37 0