Ұлттық мұра ұлықталған тағылымды іс-шара өтті
Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен насихаттауды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап, «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасы аясында ұлттық бірегейлікті сақтау, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу және мәдени мұраны заман талабына сай дәріптеу қажеттігін атап өткен болатын.Осы маңызды бағытты негізге алған «AMANAT» партиясының облыстық филиалы «125 YBYRAI ULTTYQ MEKTEBI» мектебінің ұжымымен бірлесіп, «Ұлттық мұра» жобасы аясында «Ұлттық мұра – халықтың асыл қазынасы» атты ауқымды мәдени кездесу ұйымдастырды.
Қаланың орталық алаңында өткен кеш ұлттық бояуға қанық мазмұнымен ерекшеленіп, жиналған жұртшылыққа ата дәстүрдің тағылымын кеңінен паш етті.
Бағдарламаның өзегі – ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді ұлықтау, жас буынның бойына отаншылдық пен мемлекетшілдік қасиеттерді сіңіру, сондай-ақ адалдық пен еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеу болды.
Кеш барысында әуелеген ән мен күмбірлеген күй көрерменге рухани серпіліс сыйлап, халқымыздың асыл мұрасы кеңінен насихатталды. Сонымен қатар қатысушылар асық ату, қол күрес, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерінен бақ сынап, өз шеберліктері мен қайсарлықтарын танытты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жаңбыр жауған сәтте де спортшылар жарысты тоқтатпай, табандылық пен жігердің үлгісін көрсетті.
Жиында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай ұлттық мұраның ұлт болашағындағы маңызына тоқталып өтті.
«Бұл басқосу – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын маңызды алаң. Ұлттық мұра – тек өткеннің еншісі емес, ол – келешектің темірқазығы. Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлттық бірегейлікті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай мазмұнды кездесулер арқылы біз жастардың бойына отансүйгіштік рухты, адалдық пен еңбекқорлық қасиеттерді сіңіруді көздейміз. «AMANAT» партиясы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретін болады», – деді филиал төрағасы.
Кеш қорытындысында ұлттық ойындар мен сайыстарда топ жарған қатысушылар «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының Алғыс хаты және Қызылорда қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
Ұйымдастырушылар бұл бастаманың алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісі жүйелі түрде жүзеге аса беретінін жеткізді.
Атап өтейік, «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында өңірімізде ақын-жазушыларға арналған кештер, айтыстар, әдеби кездесулер, тарихи тұлғаларды ұлықтау шаралары, жастардың әдебиетке, тарихқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал ететін «Ұлы дала» шығармашылық байқауы ұйымдастырылуда.
Ұлттық спорт пен ойындарды дамыту мақсатында тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, садақ ату сияқты ұлттық ойындар кеңінен насихатталып, түрлі деңгейдегі турнирлер мен жарыстар өткізілуде. Сондай-ақ тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып, ел тарихын тереңірек таныту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.










