Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік шара өтті
Бүгін Арал ауданында 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған «Мықты әскер – Тәуелсіздік тірегі» атты салтанатты кеш шымылдық түрді.Отан үшін жан берген бабалардың ерлік істерінен сыр шертетін кеште алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Гимн орындалды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай және аудандық мәслихаттың төрағасы Базарбай Төрахметов қатар бір топ зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев жиналған қауымды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Құрметті ағайын, қадірлі жерлестер! Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Санаулы күндерден соң оқ пен оттың өтінде жүріп, жеңісті жақындатқан батыр аталарымыздың тарихи ерлігі дәріптелетін 9 мамыр – Жеңіс күні келеді. Өрлік пен ерліктің айнымас үлгісіне айналған бұл күн Сіз бен біз үшін жат емес. Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 81 жыл толады. Қос мереке баршаңызға құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің бейбіт өмірі мен тұтастығын қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы. Бүгінде Қарулы Күштеріміз ел қауіпсіздігінің сенімді қалқанына айналып, кәсібилігі мен жауынгерлік рухын айқын дәлелдеп келеді. «Ел – ерлерімен еңселі» дейді дана халқымыз. Ұлан-ғайыр жерімізді қорғап, бізге аманат еткен батыр бабаларымыздың ерлігі мәңгілік өнеге. Ел бірлігі мен татулығы бар жерде ғана тұрақтылық пен даму болады. Сондықтан әрқайсымыз өз ісімізге адал болып, Отанымыздың өркендеуіне үлес қоса берейік. Осы айтулы мерекеде ел қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтарға шынайы алғыс білдіремін! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін!» - деп, бұл күннің тарихи маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік шарада әскери салада еңбек еткен ардагерлерге, аудандық қорғаныс істер мен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне және құқық қорғау органдарының мамандары облыс, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ 2023-2026 жылдар аралығында мерзімді әскери қызметін өткерген бір топ азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Мұнан соң Отан қорғаушыларға арналған мерекелік кеште «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Нұртайұлы сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтады.
Шарада түрлі салада абыройлы еңбек етіп жатқан бір топ азаматтар «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты кеш одан әрі ауданның талантты өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Шара барысында майдангер бабаларымыздың Отан қорғау алдындағы ерен еңбектері кеңінен насихатталып, мереке жоғарғы деңгейде аталып өтті.


Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі










