Сыр өңірінде Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті
Kyzylorda-news.kz Қызылордадағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің ағымдағы жылдың екінші тоқсанындағы кезекті отырысы ұйымдастырылды. Жиынды кеңес төрағасы Нұрмұрат Ерманов ашып, жүргізді.Төраға қатысушыларды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, биыл өңірде өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының атауын «Халықтық кеңес» деп ауыстыру және оның құзыреттерін қайта қарау мәселесі талқыланып жатқанын, бұл өзгерістер нақты бекітілгеннен кейін толық ақпарат берілетінін мәлімдеді.
Күн тәртібінде рухани құндылықтарды сақтау, ата-баба дәстүрін дәріптеу және жат ағымдардың алдын алу мәселелері қаралды.
Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша бас имамы Дастан Құрманбаев баяндама жасап, Құрбан айтқа дайындық жұмыстары мен дәстүрлі дінді, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы шаралар туралы ақпарат берді.
Баяндамадан кейін кеңес мүшелері пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. Төраға Нұрмұрат Ерманов жат ағымдардың алдын алудағы бірлескен жұмыстың маңызына тоқталып, айтылған барлық ұсыныстарды хаттамаға енгізуді тапсырды.
Жиын соңында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі мен ҚМДБ-ның аймақтық филиалдарына салт-дәстүрді, мемлекеттік тілді және ұлттық киім үлгілерін бірлесе насихаттау туралы үндеу жолданды.









