Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арнаған құттықтауы

Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арнаған құттықтауы

Қымбатты балалар!
Сіздерді 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Еліміздің ертеңі, әрбір отбасының көзқуанышы болып өсіп келе жатқан жеткіншектерімізді қорғау - бір күннің ғана емес, күнделікті жұмысымыздың негізгі бағыты. Бүгінгі мерекеде Сіздерге әдеттегіден көбірек көңіл бөлеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие, сапалы білім беріп, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіру – баршаға ортақ парыз. Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасай береді" деп жұмыс бағытымызды айқындап берді.
Кейінгі жылдары біздің өңірде балалардың сапалы орта және қосымша білім алуына, бос уақытында пайдалы іспен айналысуына мүмкіндік беретін заманауи нысандар бой көтерді. "Келешек мектептері", физика-математика мектеп-интернаты, "Сыр жұлдыздары" академиясы, облыс, аудан орталықтарындағы "Оқушылар сарайлары", спорт кешендері балаларымыздың білімін ұштап, талабын шыңдайтын орынға айналды. Ойын және спорт алаңдары, қалалық мәдени-демалыс паркі, Президент саябағы сияқты кеңістіктер бүгінде балалардың игілігінде. Жақында ғана ашылған жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығы да Сіздердің армандарыңызға қанат бітіретін мекен болмақ.
Біздің бүгін жоспарлаған, қолға алған барлық жұмысымыз болашаққа, яғни Сіздерге арналады.
Балалар мерекесімен баршаңызды құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, таудай талап тілеймін!
Егемен еліміздің тұғыры биік, іргесі берік болғай!

01 маусым 2026 ж. 46 0