Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Егін алқаптарын аралап, шаруашылықтың атқарып жатқан жұмыстарымен танысты

Егін алқаптарын аралап, шаруашылықтың атқарып жатқан жұмыстарымен танысты

Kyzylorda-news.kz Аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының су ресурстарын тиімді пайдалану және суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Шаған ауылындағы «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқаптарын аралап, шаруашылықтың атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы шаруашылықтың өндірістік әлеуетін, егіс алқаптарындағы жағдайды және агротехникалық шаралардың орындалу барысын көріп шықты. Сонымен қатар, серіктестік басшылығымен және сала мамандарымен кездесіп, биылғы егін науқанының барысы мен алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.
«Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданның ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі болып саналады. Шаруашылықтың негізгі қызмет бағыты – егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру. Бүгінде серіктестікте 230 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар, шаруашылық құрамындағы үлескерлер саны 1675 адамды құрайды. Бұл ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді.
Шаруашылықтың жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 10 246 гектарды құрайды. Оның ішінде 4 500 гектары егістік жер болса, 4 064 гектары жайылымдық алқаптар және 1 682 гектары өзге санаттағы жерлер болып табылады. Бұл жерлер ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және өнім көлемін арттыруға тиімді пайдаланылуда.
2026 жылғы егіс науқаны аясында шаруашылық тарапынан 2 250 гектар жерге күріш, 505 гектарға жүгері, 115 гектарға бидай және 213 гектарға жаңа жоңышқа егілген. Сонымен қатар, 790 гектар ескі жоңышқа алқабында күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Биыл су тапшылығының алдын алу және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғайтылып, әртараптандыру жұмыстары қолға алынған.
Жүгері егісін орналастыру үшін қажетті 13,9 тонна жоғары сапалы тұқым сатып алынып, толық көлемде 505 гектар жерге себілген. Егіс жұмыстары белгіленген мерзімде жүргізіліп, оған тұқым сепкіштер, культиваторлар және өзге де ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылған. Қазіргі таңда дақылдарды күтіп-баптау, минералдық тыңайтқыш енгізу және суару жұмыстары агротехникалық талаптарға сәйкес атқарылуда.
Сырдария ауданының әкімі егіс алқаптарын аралау барысында ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталып, шаруашылықтардың өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстарын қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, агротехникалық шараларды уақытылы әрі сапалы орындаудың, заманауи технологияларды енгізудің және су ресурстарын тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында аудан басшысы шаруашылық ұжымына алдағы жұмыстарға сәттілік тілеп, егіннің бітік шығуы мен өндірістік көрсеткіштердің артуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы міндеттер әрдайым назарда болатынын жеткізді.
Сырдария ауданының әкімі егіс алқаптарын аралады 2.jpg
19 маусым 2026 ж. 48 0