Тарихи-танымдық ғылыми экспедициясының отырысы өтті
Бүгін Арал ауданында Қазақстан ономаст ғалымдарының қоғамдық бірлестігі «Ономастар одағы» мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ономастика басқармасы бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы аясындағы «Сыр даласында – көне есімдердің сыры» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедициясының отырысы өтті.Жиынға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев төрағалық етіп, ауданға арнайы келген қонақтарды жиналғандарға таныстырып өтті.
Отырысқа жоба жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Г.Бекенова, география ғылымдарының PhD докторы Н.Зинабдин, жоба мүшесі Д.Касимова, Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Л.Жұмаханқызы, сондай-ақ ауданның өлкетанушылары, ардагерлері, қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен сала мамандары қатысты.
Кездесу барысында ғылыми-зерттеу тобының экспедициялық жұмыстарының мақсаты таныстырылып, өңірдегі тарихи жер-су атауларын ғылыми тұрғыдан зерделеу, көне атаулардың шығу тарихын анықтау және оларды жүйелеу мәселелері талқыланды.
Жиында профессор Г.Бекенова экспедиция жұмысының негізгі бағыттарына тоқталса, Л.Жұмаханқызы мемлекеттік тіл саясаты мен ономастика саласындағы өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар ауданның белгілі өлкетанушылары Ү.Қуатов, Б.Қуатов және Ә.Әуезов, Е.Абдулла өңір тарихы мен жер-су атауларына қатысты тағылымды ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Экспедиция аясында ғылыми-зерттеу тобы облыс аумағындағы елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен, өлкетанушылармен және көнекөз қариялармен кездесулер өткізіп, тарихи атауларға қатысты құнды деректерді жинақтайды.
Аталған жоба өңірдің тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге, топонимиялық қорды толықтыруға және ономастика саласындағы ғылыми зерттеулердің дамуына өз үлесін қосады.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі










