Облыс әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлының Абай күнімен құттықтауы
Сіздерді бүгінгі Абай күнімен құттықтаймын!
Бұл - тек күнтізбедегі мереке емес, ұлттық рухымыз түгенделетін, өткенімізге бұрылып, болашағымызды бағамдайтын ерекше күн.
Абай Құнанбайұлы - ұлы ақын ғана емес, ұлтымыздың ар-ұжданы, мәдениетіміз бен даналығымыздың асқар шыңы. Оның әрбір сөзі - уақыт сынынан сүрінбей өткен, бүгінгі қоғамға да бағыт-бағдар беретін шамшырағымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Абай сөзі - қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы - біздің жаңа сапалы ұлт болып қалыптасуымызға жол ашатын қасиетті құндылық», - деген болатын.
Расында, біз қысылғанда да, қуанғанда да Абайдың тереңіне бойлаймыз. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзінен өзімізді іздейміз, жан дүниемізді емдейміз.
Ұлы ойшыл бізге «Адам бол!» деп үндеу тастап, бір-бірімізге бауырмал болуды, адал еңбек пен ғылым-білімге ұмтылуды өсиет етті.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген бір ауыз сөзінің өзінде терең мән-мағына бар.
Сондықтан да хакімнің «Толық адам» ілімі бүгінгі Әділетті Қазақстанның басты бағдарына айналды.
Ұлы ақынның рухы мен мұрасы Сыр өңірінде ерекше қастерленеді. Бүгінде аймағымызда Абай есімін иеленген білім ордалары мен берекелі ауылдар, кең даңғылдар мен көшелер бар.
Бұл - Сыр жұртшылығының ұлы ойшылға, оның өшпес мұрасына деген құрметінің айқын белгісі. Абайды тану, оның асыл мұрасын санаға тоқу - әрбіріміздің азаматтық парызымыз!
Бүгінгі Абай күні әрбір шаңыраққа рухани жылулық, өзара түсіністік пен береке әкелсін!
Балаларымыз Абайдың өлеңдерін жаттап, оның даналығын бойына сіңіріп өссін!
Рухымыз асқақ, еліміз аман, бірлігіміз бекем болсын, ардақты ағайын!
Абай күні құтты болсын!











