Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады

Аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Сексеуіл кентіне жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты.

Алдымен кенттегі емхана ғимаратында болып, медициналық нысанның қазіргі жағдайын көрді. Бүгінде емханада 70-тен астам қызметкер еңбек етіп, тұрғындарға тиісті медициналық қызмет көрсетуде. Нысанның материалдық-техникалық жағдайы мен халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы назарға алынды.
Бұдан кейін аудан басшысы республикалық маңызы бар «Бейнеу–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайтын автожолдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бас мердігер – «Integra Construction KZ» ЖШС. Қазіргі таңда 490-530 шақырым аралығындағы учаскеде қосалқы мердігер «UNO DISTRIBUTION» ЖШС тарапынан ұзындығы 1 шақырым, ені 35 метр жол бөлігінің беткі қабатын тазарту, астыңғы қабатын тегістеу, нығыздау және жол төсемін көтеру жұмыстары атқарылуда. Құрылыс жұмыстарына 46 техника жұмылдырылған.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен салынып жатқан 100 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы жұмыстарын бақылады.
Қазіргі таңда нысанда 30-ға жуық құрылысшы еңбек етуде. Ғимарат қабырғалары қаланып, бірінші және екінші қабаттарда ішкі әрлеу жұмыстары, су, кәріз және электр желілерін тарту жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар төбе жабу жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың сыртқы қаптау жұмыстары келер айда басталады деп жоспарлануда. Мердігер мекеме "Иман" ЖШС-гі өкілдерінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарын келер айдың соңына қарай шамамен 90 пайызға аяқтау көзделуде.

Сондай-ақ аудан әкімі кентте жаңадан салынып, пайдалануға берілген теміржол вокзалының жұмысымен танысты.

Заманауи талаптарға сай салынған жаңа вокзал тәулігіне 281 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ғимаратта ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы, күту залы және санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған. Нысан қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы нысандардағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына баса мән беріп, тиісті сала басшылары мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

21 тамыз 2026 ж. 38 0