Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қосжарда балалар ойын алаңы пайдалануға берілді

Қосжарда балалар ойын алаңы пайдалануға берілді

Ауданға қарасты Қосжар ауылында балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жаңа ойын алаңы ел игілігіне берілді. Ауыл ажарын айшықтап, балаларға қуаныш сыйлаған нысан – елді мекенді абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі.
Аталған игі іс Қосжар ауылының 2024 жылғы «Үздік елді мекен» облыстық конкурсында тірек елді мекендерге жатпайтын ауылдар арасында жеңімпаз атануына байланысты жүзеге асырылды. Байқаудағы жеңістің нәтижесінде ауылды абаттандыруға арнайы қаржы бағытталып, балаларға арналған жаңа демалыс аумағын қалыптастыру жұмыстары жүргізілді.
Жоба аясында ойын алаңының аумағы қоршалып, брусчатка төселді. Сонымен қатар балалар ойын кешені мен тұрғындардың дене шынықтыруына арналған көше тренажерлары орнатылды. Жаңа алаң ауыл балаларының бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретін қолайлы орынға айналмақ.
Балалар ойын алаңының ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев, ауыл тұрғындары, ардагерлер мен аға буын өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Еркін Жұмаханұлы ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, балалардың игілігі үшін жасалған бұл жобаның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Қосжар ауылының әлеуметтік-экономикалық даму барысына қысқаша тоқталып, елді мекенде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды атап өтті.
Қосжар – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан берекелі елді мекендердің бірі. Соңғы жылдары ауылдың көркін келтіру, инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Жаңа ойын алаңы – осы жұмыстардың жемісті жалғасының бірі. Елді мекеннің абаттандырылып, балаларға қолайлы ортаның қалыптасуы ауыл тұрғындарының қуанышын еселеп отыр.
Балалардың шат күлкісі естілетін көрікті алаң ауылдың ажарын арттырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді өткізуіне өз септігін тигізбек.
«Толқын» ақпарат
25 тамыз 2026 ж. 52 0