Ұстаз еңбегі – ел құрметі
Облыс орталығында Сыр өңірінің білім саласындағы жетістіктер сараланып, жаңа оқу жылына арналған басым бағыттар айқындалған «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз кеңесі өтті.Тағылымды шарада білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар талқыланып, ұстаздардың кәсіби еңбегі мен салаға қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Мерейлі жиында Арал ауданының бірқатар ұстаздары мен білім саласының ардагерлері жоғары марапаттарға ие болып, құрмет төрінен көрінді.
Атап айтқанда, №83 орта мектебінің биология пәні мұғалімі Әбдіқалықова Достықгүл Сәдірқызы елдің жоғары мемлекеттік наградасы – «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, №82 орта мектебінің география пәні мұғалімі Көпітлеуов Нұрлан Ерғалиұлы Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасына, №220 орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Әбішов Қуаныш Қазиұлы Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Білім саласына сан жылын арнаған ардагер ұстаздар Бекпанов Ертарғын мен Толманова Бағымкүл Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ал №263 орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Маханбетұлы Ержан салалық «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, №220 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Енсепова Тазабике Жанкүшікқызы «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапатталды.
Бұл – ұстаз еңбегіне көрсетілген зор құрмет, білім саласына сіңірген еселі еңбектің лайықты бағасы.
Сіздердің шәкірт тәрбиесіндегі табанды еңбектеріңіз бен ел болашағына қосып жүрген үлестеріңіз – зор құрметке лайық. Абырой биігінен көрініп, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер!
Жаңа оқу жылында шығармашылық шабыт, зор денсаулық, толағай табыс және шәкірттеріңіздің жарқын жетістіктерін тілейміз!
Марапаттарыңыз құтты болсын!













