Өңір тарихын түгендеген туынды
Туған жердің қиылы-қилы өткен тарихын түгендеу әсте оңай емес. Олай болатын себебі бар Ресей империясының кезеңінде, кейінгі Кеңес өкіметінің уақытында біздің тарихымыздың жойдасыз бұрмаланғаны айдан-анық. Отаршылдардың басты мақсаты - жергілікті ұлттың өткен тарихын, топонимикалық атауларын, ұлттың бетке ұстар қаймағын жою арқылы мәңгүрттендіру еді. Алаш ұранды қазақ жұрты қай-қай озбырлыққа да мойынұсынбай, қаншама ұлт-азаттық көтерілістер болды. Елім деген ерлер соңғы қасықтай қаны қалғанша күресіп, елдік мұрат жолында мерт болды.Қазақ халқының басына тар заман тудырған нәбетті кезеңі - өткен ғасырдың 20-30 жылдары. Қанқұйлы большевиктік-кеңестік өкімет ұлттың іргесін сөгілдіру мақсатында тәркілеу, ұжымдастыру, қолдан аштық ұйымдастыру, сондай-ақ халық жаулары деп жаламен атап, елдің тарланбоздарын қынадай қырды. Міне, біздің өткен тарихымыздың ақтаңдақтарының көп болу себебі осы.
Еліміз тәуелсіздік алып, ұлтымыз еңсесін көтергелі қазақ тарихы қайта қолға алынып, халқымыздың ғасырлық тарихи жолдары қалпына келтіріле бастады. Міне, осы бағыттағы жұмыстар өңірлерде де жүргізіліп жатыр. Айдынды Арал өңірі қазақ жерінің кіндік тұсына орналасқандықтан да жоғарыда айтылған зобалаңдардың барлығы дерлік басынан өткерілді. Сол уақыттың ақиқатын ашамын деп ұзақ жылдар қаламы қолынан түспей келе жатқан дарынды өлкетанушыларымыздың бірі - Үргенішбай Қуатов.
Қызметтілік міндеттілігі болмаса да, ешқандай жалақы алмаса да, бүкіл алтын уақытын сарп етіп, сан тарам ізденіс жолдарын қалыптастырып, кейінгі ұрпаққа айдынды өңірдің өткенін шынайы айғақтап келеді. Және де бір артықшылығы Үргенішбай Қуатов Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдаған кәсіби тарихшы. Соңғы ондаған жылдардағы ізденістерінің жемісіндей болып "Ғибратты ғұмыр" (2016), "Құт қонған өңір Қарақұм" (2017), Еңбекпен өрілген өмір" (2019) атты елеулі кітаптары жарық көрген. Ұзақ жылдардан бері республикалық және жергілікті баспасөзде өңірлік тарихымыз туралы ондаған мақалалары жарияланды.
Міне, бірнеше жыл айналып келіп Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Үргенішбай Қуатовтың "Зұлматты жылдардың Аралдағы зобалаңы" атты кітабы қолымызға тиіп отыр. Бұл кітаптың тарихи деректерге байлығы сондай, өткен ғасырдың 20-30 жылдардың бүкіл талайлы оқиғаларын көзалдымызға әкеледі. Және де өлкетанушы журналист тарихи деректерді жалаң күйінде беріп қоймай, көркем шығарма рәуішті баяндай әңгімелеп, қилы оқиғаларды хикаялатып, жалпы оқырмандардың қызығушылығын қаламгерлік шеберлігімен арттырып отырады. Кітаптың "Өткенді танытар толымды туынды" алғысөзін жазған Арал ауданының әкімі, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев: "Туынды авторы Үргенішбай Қыстауұлы кеудесі қазынаға толы шежірелі қарттар қатарындағы жан. Қаламының ұшында ұлтқа деген құрмет, жүрегінің түбінде туған жерге деген сүйіспеншілігі ұялаған Үргенішбай ағамыздың туған өлке тарихынан сыр шертетін әр мақаласы кейінгі ұрпақтарға аманат, әр жолы ел мен жерге деген адалдықтың белгісі. Оның еңбекқорлығы, жан-жақты ізденгіштігі мен адамгершілік қасиеттері тек Арал өңірінің ғана емес, барша қазақ елі ұстаздары мен зерттеуші қалам иелерінің үлгісіне айналары сөзсіз" деп жазады. Ел ағасының өлкетанушы-тарихшы азаматқа берген лайықты бағасы - оның ұлан-ғайыр еңбегінің көрсеткішіндей болып отыр.
Жақсы маманның зерттеу еңбегінің артықшылығын, өзіндік ерекшелігін тарихшы әріптестері білетіні рас. Міне, тарих ғылымдарының кандидаты профессор. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері А.Құдайбергенова да: "Тарихшы Ү.Қуатов өзінің бүкіл саналы ғұмырын, өлке тарихын зерттеп, зерделеуге арнап келеді. Өткетанушының өзі айтқандай жұмыр басты пендеге ауа, су, күн қандай қажет болса, әркімнің және баршаның шыққан тегінен, табиғи қалпынан, салт-дәстүрінен, тілінен көз жазып қалмау үшін төл тарихын білуі де соншалықты маңызды екенін дәйектеді" деп атап өтеді.
Сонымен қолымызға тиген кітапты парақтай, сыза оқи отырып, Арал өңірінің шежіресін, қиын кезеңдегі халықтың басындағы ауыр күй, зұлмат жылдар, зобалаңға ұшыраған тағдырлар көз алдымызға келеді.
Кітап "Зұлматты жылдардың Аралдағы зобалаңы", "Халық қаһарын танытқан "Қарақұм көтерілісі", "Қасірет құрсауындағы Қарақұм хикаялары", "Абыздар өткен Аралда" деген төрт көлемді тараудан тұрады. Әр тараудың өзіндік көтерген жүгі бар. Бірінші тарауда Аралдағы тәркілеу науқаны, сол науқанда тәлкекке ұшыраған тағдырлар мен өңірдегі ашаршылық пен ауа көшу ақиқаттары, Аралға күштеп көшіріліп келген халықтардың қиыншылықтары, қуғын-сүргінге ұшыраған аралдықтардың екіталай ғұмырлары көптеген архивтік материалдармен, естеліктермен беріледі. Осы тараудағы әр бөлімді оқыған сайын өңір халқының басына төнген қасіреттен төбе шашың тік тұрады. Қаншама жазықсыз адамдар жазалы болып, тек өздері ғана емес, бүкіл әулетімен концлагерлерде, түрмелерде атылып кеткен. Осы тараудың соңында репрессия кезінде жазықсыз жазаға ұшыраған адамдарды ақтау туралы 1989 жылғы жарлығына байланысты және 1950 жылдардың бас кезіндегң қылмыстық кодекс бойынша жазаланғандардың істерін қайта қарап, солардың ішінде ақталған азаматтардың аты-жөндері берілген. Бұлардың арасында бірнеше ұлттың өкілдері бар.
Кеңес өкіметінің келеңсіз саясатына қарсы қазақ жерінде ондаған ұлт-азатық көтерілістері, бас көтерулері болғанын білеміз. Соның бірі - қазақ халқының азаттық үшін күрес тарихында таңбаланып қалған "Қарақұм көтерілісі". Үлкен аумақты қамтыған халық наразылығы біздің өңірді де қамтыды. Көтерілісшілер құрған Хан Кеңесінің құрамына Арал ауданы бойынша Балапан Ақжановтың енгізілгені белгілі. Осынау көтеріліске жергілікті малшылар белсене қатысып, Атанши өңіріндегі Қараүңгір, Тұздақ, маңындағы жерлерге шоғырланып, мұздай қаруаланған қызыл әскермен соғысты. Большевиктік әскер осы кездері тек қару ұстап шыққан көтерілісшілерді емес, олардың ауылдарындағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қырып салған. Осы көтеріліс тарихының парақтары Ү.Қуатовтың қарымды қаламымен айғақталып отыр.
Мұнан кейінгі үшінші, төртінші тарауларда да Қарақұм өңірінің арғы-бергі тарихы, көне деректері, ел басқарған серкелері, туымды тұлғалары туралы айтылады. Өлкетанушының "Ғани Мұратбаев Тоқабайда туған", "Ұябай кесенесі", "Бидің соңы - Берсүгір", "№8 ауылдың айтылмаған ақиқаттары", "Асан қайғы", "Абат батыр: Аңыз тұлғалар жайлы тарихи деректер не дейді?", "Арал тарихының айтылмаған ақиқаты", тағы басқа мақалалар, жазбалардың бүгінгі оқырманға жеткізіп отырған деректері өте мол.
Белгілі тарихшы-өлкетанушы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Үргенішбай Қуатовтың өңір тарихын түгендеген сүбелі де соқталы еңбегі кейінгілер үшін үлкен олжа. Кітапсүйер қауым, тарихшы ұстаздар, өлкетанушылар бұл кітаптан көптеген мағлұматтар тауып, оларды онан әрі тереңдете зерттеуге, ғылыми жобаларға арқау етуге болары сөзсіз. "Арал тарихының ардабозы" атанып отырған өлкетанушы Үргенішбай Қуатовтың әлі де халқына, жерлестеріне берері көп екені анық.
Ерғали Абдулла.









