Туған жердің түтіні де ыстық
Адамзат баласы үшін өзінің кіндік қаны тамған жер қашанда ерекше орын алады. Иә, туған жер деген атаудың өзінде үлкен мән жатыр емес пе? Туған жердің ауасы да шипа демекші, тіпті мұржадан шыққан түтіні де ыстық көрінеді. Әр адам үшін шыр етіп дүниеге келген кезден бастап туған жер ұғымы өте жақын болады. Яғни, отбасындағы тәрбие арқылы Отанға деген сүйіспеншілік пен жүрегінде патриоттық сезім ұялайды.
Өткен тарихымыздың парағын ақтарсақ, халқымыз талай қиындықтар мен тағдыр тауқыметін басынан өткерді. Бүгінгі күнге де талай сындардан өтіп келіп отырмыз. Алғаш болып ту тіккен ел болашағы қиындыққа толы болады. Сондықтан да құрылмақшы болып жатқан елге парасатты, батыр, қайратты көшбасшы қажет. XV ғасырда Моғолстан, Әбілқайыр хандығымен қатар басқа да мемлекеттердің дипломатиялық байланысы шиеленісіп тұрған кезең болды. Осындай уақытта Әбілқайыр хандығымен біріге алмаған Керей мен Жәнібек “қазақ” атаулы халқымыздың этникасын құрайтын көптеген ру-тайпаларды бөлек алып шығып, Шу бойында қазақ деген хандықтың туын тіккен еді. Иә, айтып кеткеніміздей, бастапқыда халық саны аз болған кіші мемлекетке сырттан төнетін қауіп-қатер де көп болады. Дегенмен, Керей мен Жәнібек хандар хандығымызды түрлі қауіптен қорғап, жарқын болашағымыздың құрылуына жағдай жасады.
Міне, қазақ хандығының құрылуы кішігірім оқиғамен бір уақытта жүзеге асып кеткен саяси үдеріс емес. 10 жылдан аса уақытқа созылып, сондай-ақ өз ішінде оқиғалардың дамуына қарай бірнеше сатыға бөлінді. Кейіннен Әбілқайыр хан қаза болғаннан соң көп уақыт өтпей Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Қазақ хандығы билігінің толық және түпкілікті орнауы осы – хандықтың құрылуының аяқталғанын көрсетеді. Қасым ханның тұсында хандығымыздың жері ұлғайып, халқымыздың саны артты. Тарихымызда осы Қасым ханның есімі Қазақ хандығының күшеюі және нығаюымен тікелей байланысты. Айта кетейік, Қасым хан XV ғасырдың соңында Қазақ хандығының Сыр бойындағы қалалар мен өңірлері үшін жүргізген күрестерге басшылық етіп, белсене қатысты.
Қасым ханнан кейін де көптеген хандар елге билік жүргізді. Мәселен, «Есім ханның ескі жолы» сынды заңдар жинағымен белгілі Есім хан. «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын жасаған Тәуке хан, сондай-ақ дипломатияны шебер пайдалана білген Абылай хан және соңғы орыс әскерлерін тентіреткен Кеңесары хандардың есімі тарихымызда алтын әріппен жазылған. Кейін Кеңес үкіметі орнаған шақта алашордашылардың көсемі Әлихан Бөкейхановтың, Қазақ КСР-ін 40 жыл басқарып, 40 шақты қала тұрғызған Дінмұхамед Қонаевтың орасан еңбегі де ерекше.
Міне, осындай сан ғасырлық қиындыққа толы тарихымыздың астарында да үлкен мағына жатыр. Кейіннен Кеңес үкіметі құлап, бірқатар ел тәуелсіздік алып жатқан тұста етек-жеңін жинай біліп, елімізді қиын шақтан алып шыққан Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев екенін білеміз. 90-жылдары ішерге тамақ, киерге киім таппаған қилы заман кезеңінде осындай көшбасшымыздың болуы халқымыздың бір бағы еді. Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің беделі зор, ерекше қонақжай халық және әлем елдері қатарынан көріне білді.
Осыншама қиындықпен келген тәуелсіз еліміздің жері қалай қастерлі болмайды. Қазір XXI ғасыр – технологиямыз шарықтап дамып, жастарымыз білімді заман. Иә, қазір білім алу мен тіл үйренуге толықтай мүмкіндік бар. Ақпарат көздері де жоғары дамыған. Бірақ қанша дұрыс жолды көрсететін нұсқау болса, сонша дұрыс емес жолды көрсететін жол болатынын білеміз. Яғни, кей жастарымыздың бет-бейнесі мен ұлттық сана сезімі жағымсыз жаққа өзгеруі. Бұл бүгінгі қоғамымыздың басты мәселелерінің біріне айналып отыр. Көгілдір жәшік пен қолдағы ұялы байланыстың кері әсерінен көп жастарымыз адасып жүр. Бәрі де ұсақтан басталады. Сонымен бірге қоғамымызда еркекшора әйел мен қызтеке еркектер саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Ол – айтуға ауыр болса да шындық. Сонда хандарымыз бен басшыларымыз, қанша ата-бабаларымыз ертеңгі ел бейнесі осындай болуы үшін қан төкті ме?! Салт-дәстүр мен ата жолдан аттаған жандар да аз емес. Қоғамды құратын да, құртатын да – біздер. Оның жақсы болуы да, жаман болуы да біз, жастарға байланысты. Еліміздің іргесін берік етіп қалап және ішін береке-бірлікке толтырсақ, нағыз өз елінің патриот жастарын тәрбиелесек, қиялымыздағы қоғам шынайы қоғамға айналатыны анық.
Туған еліміз бен жеріміздің бірлігі үшін алдымен өзімізді түзеп, қастерлі салт-дәстүріміз бен тарихымызды қадірлейік. Туған жер – адам баласы үшін өткені мен болашағын байланыстыратын киелі мекен. Сол үшін елімізді әрі қарай гүлдендіріп, тәуелсіздігімізді мықтап ұстайық. Келешек ұрпаққа өнеге болып, бейбіт өмірге қалай жеткеніміз туралы да айта жүрейік. Халқымыз: «Озған ел тарихын таспен жазады, азған ел тарихын жаспен жазады» дегендей, қашанда тарихымыз таспен жазылсын!
Мемлекет басшысы 2022 жылды жастар жылы деп жоспарлады. Ендеше ел жастары осы бір артылған сенімді ақтап, қоғам дамуына айрықша үлес қосса дейміз. Ендігі жерде кешегі қаңтардағы қасірет қайталанбай, мемлекет өркендеуіне даңғыл жол ашылсын.
А. НҰРЛАНОВА