Аудан әкімі «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының құрылыс жұмыстарымен танысты
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Сексеуіл кентіне жұмыс сапары барысында «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының 410–559 шақырым аралығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.Аталған жобаның жалпы ұзындығы 182,2 шақырымды құрайды. Оның ішінде 149 шақырымы негізгі жүріс бөлігі, 33 шақырымы кірме жолдар. Автомобиль жолының техникалық санаты II санат.
Жобаның бас мердігері – «Integra Construction KZ» ЖШС. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына «Syganak group» ЖШС және «Коммерческая фирма «УНА» ЖШС қосалқы мердігер ұйымдары жұмылдырылған.
Нысан 4 учаскеге бөлінген. Қазіргі таңда екі учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, №1 лоттың 410–450 шақырым аралығында «Syganak group» ЖШС тарапынан өсімдік қабатын алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 3,7 шақырым жұмыс орындалған. Учаскеде 5 бірлік техника мен 8 жұмысшы жұмылдырылған.
Ал №3 лоттың 490–530 шақырым аралығында «Коммерческая фирма «УНА» ЖШС тарапынан өсімдік қабатын алу және жер төсемінің үйіндісін төсеу жұмыстары атқарылуда. Өсімдік қабатын алу бойынша 10 шақырым, жер төсемінің үйіндісін төсеу бойынша 7,7 шақырым жұмыс орындалған. Бұл учаскеде 65 бірлік техника және 80 адам жұмыс істеуде.
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының барысын бақылау барысында «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысы өңірдегі көлік қатынасын дамытуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі екенін айтып, жауапты мердігерлерге жұмысты сапалы әрі белгіленген талаптарға сәйкес жүргізу, құрылыс қарқынын сақтау және қажетті мәселелерді уақтылы шешу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі











