Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырысы өтті
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.Комиссия отырысында аудан аумағындағы қылмыстылық пен құқық бұзушылықтардың, нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату тәртібін сақтау және оның заңсыз айналымына жол бермеу мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Құдайберген «Арал ауданының полиция бөлімімен қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың және нашақорлыққа қарсы күрестің алдын алу бағытында атқарған жұмыстары туралы» баяндама жасады.
Екінші мәселе бойынша Арал ауданы бойынша кірістер басқармасының басшысы Е.Әбдікеров «Алкоголь өнімдерін сату тәртібін сақтау және заңсыз айналымының алдын алу бойынша атқарылған шаралар туралы» баяндады.
Отырыс барысында аудан басшысы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға жол бермеу, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарына қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың түнгі тыныштығын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.
Сонымен қатар, бейнебақылау камераларының жұмысын қамтамасыз ету, мал ұрлығының алдын алу, қаңғыбас және қараусыз жануарларды аулау бойынша жұмыстарды жүйелеу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Алкоголь өнімдерін заңсыз және белгіленген уақыттан тыс сатудың алдын алу мақсатында сауда нысандарына мониторинг және рейдтік іс-шараларды күшейту, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Комиссия отырысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауапты сала басшылары мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі









