Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызды мәселелерге мән берілді

Маңызды мәселелерге мән берілді

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, онда жылу беру маусымына дайындық, цифрландыру, елді мекендерді интернет және ұялы байланыспен қамту, сондай-ақ санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселелері қаралды.

Күн тәртібінде Үкімет отырысында қаралған жылу беру маусымына дайындық мәселесі талқыланды. Аудан басшысы бұған дейін берілген тапсырмаға сәйкес көмір қорын жасақтау жұмыстарының барысын тыңдап, жылу беру кезеңінде қатты отын, оның ішінде көмірге қатысты мәселе туындамауы қажеттігін атап өтті. Жауапты сала басшысына көмір жеткізу және қажетті қорды толық жасақтау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Мәжілісте Мемлекет басшысы жариялаған 2026 жылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы міндеттер және 2029 жылға дейінгі «Диджитал Қазақстан» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері де қаралды.

Ауданның географиялық ерекшеліктері мен инфрақұрылымдық шектеулеріне байланысты интернет пен ұялы байланыс мәселесі әлі де өзекті екені белгілі. Қазіргі таңда аудан елді мекендерін интернетпен қамтамасыз ету мақсатында талшықты-оптикалық, ADSL және спутниктік интернет технологиялары қолданылуда.

Дегенмен, бірқатар шалғай елді мекендерде интернет жылдамдығының төмендігі мен тұрақсыздығы тұрғындардың онлайн білім алуына, қашықтан жұмыс істеуіне және электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалануына кері әсер етуде. Жиында ұялы байланыс мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Арал қаласының №4 мөлтек ауданы, Д. Нұрпейісова, Қазыбек би және М. Әуезов көшелерінде ұялы немесе спутниктік байланыс жабдықтарына арналған антенна-діңгек құрылыстары мен тіреуіштер салынуда. Қазіргі таңда мұнаралардың құрылысы аяқталып, базалық станциялардың жеткізілуі күтілуде. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына аталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен және тұрақты ұялы байланыспен қамту жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастыру тапсырды.

Мәжілісте «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысы да сөз болды. Бұл мәселе бойынша жағдай тұрақты бақылауда болғанмен уақытылы жүргізілген зерделеу жұмыстары Арал қаласының санитарлық тазалығына қатысты бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Осыған байланысты қала әкімдігіне анықталған кемшіліктерді 2 күн ішінде толық жою жөнінде тапсырма берілді.

Мәжіліс барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы көтерілген барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстау салаға жетекшілік жасайтын аудан әкімінің орынбасарларына міндеттеді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

06 қазан 2026 ж. 75 0