Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық азаматтар мемлекеттік марапатқа ие болды

Аралдық азаматтар мемлекеттік марапатқа ие болды

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында елдің дамуына, мәдениеті мен экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар жерлестеріміз мемлекеттік наградамен марапатталды.

Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ән-би ансамблінде 12 жылдан астам уақыт бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан жерлесіміз Аманов Нұрлыбек Базарбайұлы және кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп жүрген Қызылорда қаласындағы «Панабек» ЖШС директоры Панабеков Амангелді бар.
Нұрлыбек Базарбайұлы – 1992 жылғы 4 қаңтарда Арал ауданында дүниеге келген. 1999–2007 жылдары №71 қазақ орта мектебінде білім алып, 2003–2007 жылдары Арал аудандық өнер мектебінде баян аспабын меңгерген. Алғашқы ұстазы – Талғат Дәрменов. 2007–2011 жылдары Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде білімін жалғастырып, Асия Боранғұлованың тәлімін алған.

Өнер жолын кәсіби еңбекпен ұштастырған жерлесіміз бүгінде Ұлттық ұланның ән-би ансамблінде қызмет етіп, ұлттық өнерімізді насихаттауға және әскери қызметшілердің рухани-мәдени өмірін байытуға үлес қосып келеді.

Амангелді Панабеков – Қызылорда қаласында кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қосып жүрген азамат. «Панабек» ЖШС директоры ретінде жиһаз өндірісі саласында табысты еңбек етіп, өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосуда.
Екі жерлесіміз де Республика күніне орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, еселі еңбектері мен елге сіңірген қызметтері лайықты бағаланды.

Қадірлі жерлестерімізді жоғары мемлекеттік марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
27 қазан 2026 ж. 64 0