Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түймелі аспаптың тылсымын таныған

Түймелі аспаптың тылсымын таныған

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға…» дейді хәкім Абай. Расында да, шынайы ұстаз болып, шәкірт жүрегі мен санасына терең бойлап, кеудесіне рух, жанарына жалын сыйлайтын да – ұстаз. Өз мамандығына сүйіспеншілікпен қарап, әр шәкіртіне аса зор ықыласпен ден қоятын ұстаздар қатары да көп емес. «Әттеген-ай» дейміз, әрине. Мұғалім көп, ұстаз аз заманда қатарынан озық болып, ұстаздық жолды мамандығым деп қана емес, өмірім деп бағалап жүрген жандардың бірі – Талғат Оңғарұлы десем қателеспеген болар едім. Талғаттың ұстаздығы мен өз ісіне деген шеберлігін биіктік деп бағалар болсақ, оның кісілік келбетін бөлек бір шың дер едім. Кез-келген жанның қолынан келе бермейтін, жүрегі мен кеудедегі мейірімі шыдас бермейтін әрбір оқушыны шынайы жақсы көру деген сүйіспеншілік сезімі ағай бойынан менмұндалап тұрады. Сол себептен де барлық оқушы оны құрметтеп, жақсы көреді. Ешбір шәкіртіне қабақ түйіп көрмеген, әрдайым маңына топтастырып, жүздеріне жылы шырай кіргізіп, білім беру өз алдына, адами тұрғыда тәрбиелеп, сөзімен ғана емес болмысымен үлгі болып жүрген жандар болатын болса, солардың бірі Талғат деп сеніммен айта аламын.

Иә, сөз басында 41 жыл ұстаздық еткен азаматтың өмірдерегі жайлы аздап сөз ете кетейік. Бүгінде аралдықтардың баршасына танымал болған жан осында туып, қарым қабілетін жастайынан аңғарта білген. Қаладағы білімнің қара шаңырақтарының бірі бүгінгі №14 мектеп-лицейден білім алған ол8 сыныпты тәмамдаған соң 1979 жылы Шымкент қаласындағы музыка училищесінің баян баян аспабына қабылданып, 198 жылы аталған оқу орнын аяқтаған соң қалалық музыка мектебіне баян сапабынан мұғалім болып қызметке қабылданады. Ол 1983 жылдың қыркүйек айы болатын. Міне, содан бері табан тайдырмай ұятаздық етіп келе жатқан ағамыз қызметтен қол үзбей жүріп 1987-1991 жылдар аралығында Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың дипломын қолға алды.
Алайда санасына ұстаздан асқан ұлық жоқ деген түсінікті қалыптастырған халықпыз ғой. Талай шәкіртті тәрбиелеп, тұлпардай тағалап, бас бармақпен бағалардай азамат етіп өсірген кейіпкеріміз әркез ұстазын естен шығарған емес.
– Мен бала кезден өнерге құштар болдым. Алғашында бала арман алға жетелеп, баян аспабына қызыққанда Жолашар Дәрібаев ағайым өзіне шәкірт етіп қабылдаған болатын. Көңілі тұрақтай қоймаған, көргенінің барлығына қызыға кететін баланың зейінін бір арнаға тұрақтандыру оңай шаруа емес. Сол қиындықты Жолашар ағай жеңе білді. 1974-1979 жылдары аралағында ол кісіден алған білімім маған өмірлік бағдар болды. Сол кісінің өмірлік сабағын әр шәкіртіме дәріс берген кезімде менің де қаруым болды десем болады, – дейді.
Бұл ұстаздың ұстазы жайлы айтқан пікірі. Ал Талғат Дәрменов жайлы шәкірттері не дейді екен? Осы сұрақты баян аспанының бабын келтіріп, балғындарды баулаған кейіпкеріміздің алғашқы оқушысы Абай Бектұрғановтан бастап сұрап көрдік.
– Қолыма аспап ұстатып, баянға баулыған алғашқы ұстазым Сәкен Еркеғұлов болатын. Ол кісі бүгінде Ақтөбе қаласында үрмелі эстрадалық оркестрдің жетекшісі әрі дирежеры. Алайда менің ұстазым Сәке ағай болғанымен, мен Талғат ағайдың алғашқы шәкірті – менмін. 1986 жылы баян класының 4 сыныбын бітіріп, М.Мәмедова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесінің музыка мамандығына түстім. Талғат ағайдың тәрбиесімен 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдық мерекесінде облыстық жас музыканттар байқауында ІІІ орынды еншіледім. Бұл менің алғашқы жүлдем болатын. Оқу бітіріп, әскер қатарында болдым. Әскерден келген соң Аралдағы "Қызғалдақ" балабақшасында, қаладағы №13 Т.Г.Шевченок орта мектептерінде музыка жетекшісі болып ұстаздық еттім. Шәкірттерім аудандық, облыстық байқаулардан топ жарып, жетістігімен қуантты. Кейіннен Ақтөбе қаласында балабақшада, Түрік-Қазақ лицейінде ұстаздық етсем, бүгінде Алматы облысында балабақшада бүлдіршіндерді өнерге баулып келемін.
Жалпы Талғат ағай тек менің емес, отбасылық ұстазымыз десем жарасады. Қызым Дана Оңдасынова да Талғат ағайдан баян аспабын меңгеріп шықса, ұлым Абылайхан бүгінде осы аспаптың шеберлері біздің елімізде де барын әлем танытты.
Ал Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, «Құрмет орденінің», «Халық алғысы» медалінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, күйші-композитор, ақын-жырау Мұрат Сыдықовтың перзенті Жандос Мұратұлы:
– Мен Талғат ағайдан 1984-1989 жылдар аралығында білім алдым. 1987 жылы Сыдықовтар отбасылық ансамблі құрамында Алматыда өткен республикалық конкурста І орын алып, конкурстың лауреаты атандым. Осы байқауда 1988 жылы Москвада өткен I Халықаралық фольклор фестиваліне жолдама жеңіп алып, осы отбасылық ансамбль құрамында фестивальдің лауреаты атандым. Бұл Тәкеңде оқып жүрген кезде өнерде жеткен ең бір жарқын жетістіктерімнің бірі еді. Әлі де болса өнер саласынан алыстағаным жоқ. Бүгінде Қазанғап ұлт-аспаптары оркестрінің музыкалық жетекшісімін, – дейді.
Талғаттың тағы бір тұлпары, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты Ғазиз Жұбанов 2003 жылы Арал аудандық музыка мектебіне Талғат Дәрменовтің класына қабылданған. 2006 жылы облыстық жас музыканттар конкурсынан І орын лауреат атанып, жолдамамен республикалық жас музыканттар конкурсында ҚР Білім және ғылым вице-министрі А.Әбдімомыновтың арнайы грамотасымен марапатталған. Музыка мектебінде оқып жүрген шағында аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Қазіргі таңда Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің оқытушысы, "Қобыз-баян" бірлестігінің меңгерушісі.
Бұл өнерпаздардың қатарына Ержан Сарсембаевты да қоспасқа болмайды. Ержан Амангелдіұлы 2001-2005 жылдары аудандық өнер мектебінде Талған Дәрменовтың баян класында оқыған. Сол уақыттарда облыстық жас музыканттар конкурсынан ІІ орынмен марапатталған. Талғат ұстазы қазығын қаққақ білімін одан әрі жетілдімек ниетпен 2005 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Саз колледжінде оқып, 2009 жылы абыроймен аяқтайды. Кейіннен Шымкент қаласындағы Отырар университетінде бакалавр дәрежесін оқып, бүгінде Арал ауданында 69 орта мектебінде ән-музыка пәнінің мұғалімі және көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс жасап келеді. 15 жыл ұстаздық еткен Ержанның да шәкірттері аудандық, облыстық, халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанып үлгерді. Қазіргі таңда педагог- сарапшы санаты бар ұстаз осынау жетістіктің желкенін алғашқы болып Талғат Оңғарұлы тіктеп бергенін мақтанышпен айтудан жалыққан емес.
Ағайы жайлы сыр тарқатқандардың бірі – Нұрлыбек. Иә, Талғаттың шәкірті Нұрлыбек Аманов. Ол да 2000-2007 аралығында біздің кейіпкерімізден дәріс алады. Баян аспабын меңгеріп шыққан ол бүгінде еліміздің әскери күштерін жігерлендіріп жүрген музыкант. Жалынды жастарға әуенмен жігер сыйлайтын Нұрлыбек ҚР 5573 әскери бөлімінің "Ұлттық Ұлан" ән-би ансамблінде аға маман, яғни концертмейстер қызметін адал атқарып жүрген әскери қызметкер.
Арал топырағынан алыстамай, туған жердің өнерін көпшілікке танытып жүрген Ғазиз Бектұрсын да Талғат ағайдың оқушысы екенін мақтанышпен айтады. Ғазиз Қамбарбекұлы 2001-2006 жылдары кейіпкерімізден баянның қыр-сырын меңгеріп шыққан. Түрлі аудандық, облыстық байқауларға қатысып, 2013 жылы Байқоңыр қаласында облыстық әскери-патриоттық әндер байқауынан баян аспабымен ән орындап, І орын иеленеді. Бүгінде мұғалімінен алған білімін бүлдіршіндерге үйретіп жүрген Ғазиз "Алтын балық" бөбекжай-бақшасында ән-әуез жетекшісі болып жұмыс жасайды. Сондай-ақ Ғазиз өнер көрсетіп жүрген «Арал» ВИА-ны тек аудан ғана емес, облыста да көпшілік жақсы таниды.
Ұстазының ізін жалғап, шәкірт тәрбиелеп жүргендердің бірі – Аманбек Бишенбиев. Ол 2009-2014 жылдар аралығында Арал аудандық өнер мектебінен бітіріп шыққан соң, 2014-2018 жылы Қазанғап атындағы музыкалық коледжде білімін жетілдіреді. Қазіргі таңда Арал аудандық өнер мектебінде баян бөлімінде мұғалім болып жұмыс жасайтын ол "Маған Талғат ағайдай болсам жетіп жатыр" дейді.
Міне, осыдан-ақ ұстамы мықты ұстаздың талапшылдығы, білімге, өнерге баулуы қаншалықты жоғары деңгейде екенін аңғару қиын емес. Ұстаздың еңбегі қашанда шәкірттің жетістігімен өлшенетінін дәлелдеп берген баяншының шәкірттері әр жылдары түрлі деңгейдегі белестерді бағындырған. Мәселен біз тілген тиек еткен жандардың қатарында Абай Бектұрғанов 1985 жылы облыстық жас музыкант байқауында жүлделі ІІІ орынды еншілесе, облыс көлемінде М. Датиев 1988 жылы ІІ орын, Н. Аманов 2003 жылы І орын, Г. Жұбанов 2006 жылы І орын, Б.Әлімжанов 2009 жылы І орын иеленіп, республикалық жас музыкант байқауында ІІІ нәтиже көрсетті. Мұнан бөлек облыстық байқауда 2012 жылы облыс А.Достанов пен А.Абайұлы І орынды иеленсе, Р. Толғанбеков 2019 жылы, А.Iдiрiс 2022 жылы І орын иеленген.
Иә, бұл тек ауызға іліккендері ғана. Білімді шәкірттер тәрбиелей білген білікті маман өзінің тәжірибесін бөлісу мақсатында 2018 жылы Алматы қаласында шыққан «Қазақстанда баян аспабының таралуы және орындаушылық өнер тарихы» кітабына жарияланған. Расында талапты жастардан талантты музыканттар қалыптастыра білген Талғат Оңғарұлының тәжірибесі таптырмас құндылық деуге саяды. Бүгінде тек айдан емес, облыс, республика көлемінде көпшілікке мәлім мұғалімнің еңбегі еленіп 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалінің иегері атанған. Мұнан бөлек 2012 жылы облыстық «Үздік музыкант» сайысының ІІІ орын еншілеп, сол жылы облыстық «Музыка жетекшісі-2012» дипломымен марапатталған. Ал келер жылы аудандық «Жыл мұғалімі» атанып, 2015 жылы оқушысы Абайұлы Абылайхан республикалық «Баян сұлу» конкурсынан І орын лауреаты атанған. 2013 жылы «Музыка сабағында жаңа иновациялық технологияларды қолдану» семинар-практикумында шығармашылық ізденісі үшін облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Алғыс хатымен марапатталған ол 2015 жылы Білім қызметкерлерінің облыстық «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінде мерекелік төсбелгісін кеудесіне тақты.
Талай табысты еңбекті еңсеріп, таңдай қақтырудан жалықпаған ағамыздың жетістігі жетерлік. Бірақ мақтағанды да, мақтанғанды да жат санайтын Талғат Дәрменов еңбегін ел білетінін қанағат тұтады. Десе де айта кетерлік бір дүние бар. Ол шәкірттерін де, мамандығын да жүрегімен сүйеді. Ал мұндай майталманнан музыканы сүймейтін жанның тәрбиеленіп шықпауы әділетсіз болар еді. Оған Абылайхан мен Ақтолқынның жетістігі дәлел.
Ақтолқын Тілеулиева 2004-2007 жылы Арал аудандық өнер мектебінде Дәрменов Талғаттың сыныбында баян аспабын бітіріп, 2007 жлы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің халық аспаптар бөліміне баян сыныбы бойынша оқуға түсіп, 2011 жылы Әсия Боранғұлованың сыныбынан аталған колледждің толық курсын «Қазақ ұлт аспаптары (баян)» кәсіби мамандығы бойынша бітіріп шықты және оған БММ оқытушысы, оркестр, ансамбль әртісі, өнерпаздық оркестр жетекшісі біліктілігі берілді. 2011-2015 жылдары Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетін «Дәстүрлі музыкалық өнер: халық аспаптары (баян)», мамандығы бойынша Ефременко Алексей сыныбында бітіріп өнер бакалавры академиялық дәрежесін, 2015-2017 жылдары аталған оқу орнында өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. 2014 жылы университеттің қазақ фольклорлық ансамблімен БАӘ(Біріккен Араб Әмірлігіне) гастрольдік сапармен, 2015 жылы ҚазҰӨУ-нің студенттік халық аспаптар оркестрімен және ректор Айман Қожабекқызы Мұсахаджаевамен Франция Елінің Париж қаласына концерттік сапармен барды.
Осылайша әлем халықтарының алдында өнер көрсетіп үлгерді. Қазіргі таңда Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінле оқытушы қызметін атқарады. Ал Абылайхан 2019 жылы Италияда өткен халықаралық аккордеоншылар байқауында топ жарды. Әйгілі композиторлардың бірнеше шығармасын орындаған Абылайхан 5 дәреже бойынша сынға түсті. Әсіресе, Құрманғазының күйі Кәрі құрлық тыңдармандарын тәнті еткен. Баяннан құйқылжыта саз төккен аралдық дарын иесі классика жанры бойынша үздік атанса, «Виртуоз юниор» номинациясында екінші орын алды. Бұл жетістікке жетуде түймелі аспаптың тиегін дөп басуды үйреткен алғашқы ұстазы Талғат Дәрменовтің де еңбегі еселі. Әлемнің үздіктерінің алдында ұлы компопиторлардың компоициясын орындаған Абылайханды әлем мойындаса, алғашқы ұстазын біздің де мойындамауымызға хақымыз жоқ.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
15 мамыр 2024 ж. 1 465 0