Қауіпсіз отбасы – қоғам тыныштығының кепілі
Арал ауданында «Қауіпсіз үй» профилактикалық іс-шарасы аясында отбасылармен түсіндіру және қолдау жұмыстары жүргізілді
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ал шаңырақтағы тыныштық пен татулық – ел ішіндегі тұрақтылықтың негізі. Сондықтан отбасындағы береке-бірлікті сақтау, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және әрбір азаматтың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Арал ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Отбасын қолдау орталығының мамандары және психологпен бірлесіп, «Қауіпсіз үй» профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасындағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды жақсарту, тұрмыстық жанжалдардың туындауына жол бермеу және қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажетті қолдау көрсету.
Профилактикалық жұмыстар барысында арнайы есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына барып, отбасылардың тыныс-тіршілігімен танысу, олардың әлеуметтік жағдайын зерделеу және орын алуы мүмкін келеңсіздіктердің алдын алу бағытында кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесу кезінде полиция қызметкерлері азаматтарға заң талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың салдары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңыздылығы жөнінде әңгіме өрбітті. Әсіресе, отбасылық мәселелерді күш көрсету немесе жанжал арқылы емес, өзара түсіністік пен сабырлылық арқылы шешудің маңыздылығына назар аударылды.
Ал Отбасын қолдау орталығының мамандары мен психолог отбасыларға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету, қиындықтарды еңсеру, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселелері бойынша кеңестер берді. Сонымен қатар, қажеттілік туындаған жағдайда тиісті мамандардың көмегіне жүгіну жолдары түсіндірілді.
Мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі кез келген отбасындағы мәселені дер кезінде байқап, тиісті көмек көрсету – оның үлкен әлеуметтік проблемаға айналуының алдын алатын маңызды қадам. Профилактикалық жұмыс тек құқық бұзушылықты болдырмаумен шектелмей, әрбір шаңырақтың амандығы мен отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
«Бақытты отбасы – қауіпсіз қоғамның бастауы» десек, әрбір шаңырақтағы татулық пен өзара құрметті сақтау баршамызға ортақ жауапкершілік. Осы орайда Арал ауданы полиция бөлімі мен Отбасын қолдау орталығы мамандарының бірлескен жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге өз үлесін қоса бермек.
Өйткені қауіпсіздік – тек заң талабы емес, ол әрбір отбасының тыныштығы мен әрбір баланың бақытты болашағының кепілі.
Арал аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімі









