Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында 4 жыр мектебі ашылады

Қызылорда облысында 4 жыр мектебі ашылады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде «Жыр мұра» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жыраулық дәстүрді кеңінен насихаттауға игі ықпал етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Жоба ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бағыты бойынша қолға алынып отыр. Шараға Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау жасауда.
Жоба аясында 4 ауданнан жыр мектебін, облыс бойынша 14 қобыз үйірмесін ашу жоспарланған. Осылайша жыр әлеміне жаңа есімдерді шығару ойластырылған. Аталмыш жоба аясында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылды. Мамандар 7 аудан мен Қызылорда қаласын аралап, ел ішіндегі асыл қазынаны жинады.
Нәтижесінде атақты Дәріғұл жыраудың шәкірті Берекет жыраудың орындауындағы 40 минуттық мақам саз, белгілі шайыр Байназар Өтеповтің дауысы және қолжазбасы жинақталды. Сонымен бірге, Бекарыстан би, Қожабақы ауылдарының абыз ақсақалдарының айтуымен Бекарыстан би, Сердалының Бекшорасы, Басықара, Көбек би, Мойнақ батыр туралы тың мәліметтер жазылып алынды.
Ал Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылының байырғы тұрғыны Қалидулла Сағынов жеке мұрағатынан ескі мақам-саздар жазылған дүниелерді мамандар қолына табыс етті.
Ақын әрі жырау Әмзе Оспановтың баласы Оңдасын Оспановтан әкесінің қолжазбаларымен бірге дыбыс жазылған көне 5 үнтаспа алынды. Жоба бойынша жырау Сәрсенбай Бөртебайұлының 1 сағат көлемінде жырлаған мақам-саздары және 1986 жылдары Сыр еліндегі жыр мектептерінің ашылуына үлкен қолдау көрсеткен өнер жанашыры Сүйінбай Ақбаевтың алпысқа тарта мақам-саздарды топтастырылған таспасы алынды.
Экспедиция барысында Мәдениет ауылының тұрғыны Болатбек Нұржанов ағамыздан «Шәкір-Шәкірат» дастанының Сыр бойында орындалатын нұсқасының көшірмесін, белгілі жыраулар Жадырасын Тасбергенов, Әубәкір Есжановтардың дауыстары және қолжазбасының көшірмелері жинақталды. Ал Шиелі ауданы Нартай Бекежанов ауылының қарт тұрғыны Байжан ақсақалдың әңгімелерімен қатар, Нартайдың соңғы шәкірттері саналатын Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуов, Құрманбек Бекпейісовтің үнтаспалары алынды.
Экспедиция мүшелері Қызылорда қаласында атақты Рүстембек жыраудың қызы Ыдық Рүстембекқызы, белгілі жыраулар, ұстаз Жұмабек Аққұлов, Қасарбек Кәрібаев, қарт журналист Өтеген Жаппархан, Қорқыт ата мұраларын жинақтаушы Ахат Жанаев сынды абыз ақсақалдармен сұхбат жүргізіп, барлығы бейнетаспаға жазылып алынды.
Алдағы уақытта ел арасынан жинақталған мақам-саздар студияда өңделеді. Сондай-ақ, терме-толғау, дастандардың мәтіндері жүйеленіп жыр-терме үйірмелеріне ұсынылады.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысында қобызшылар ансамблі құрылатынын хабарлаған едік.
/reactor.inform.kz
20 мамыр 2019 ж. 945 0