Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕАЭО елдерінде еңбек өтілі бірдей есептелінеді - Владимир Путин

ЕАЭО елдерінде еңбек өтілі бірдей есептелінеді - Владимир Путин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде зейнетақы жүйесінде еңбек өтілі бірдей есептелінеді. Бұл туралы бүгін елордада өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында РФ Президенті Владимир Путин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы атағын беруге бастама көтергеніміз  айтылды. Барлық әріптестеріміздің қолдағанына қуаныштымыз», - деп атап өтті Ресей Президенті. Осы ретте Владимир Путин  ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.  Сонымен қатар, ол Еуразиялық комиссия ұсыныстарының бірін жария етіп, оны толықтай қолдайтындығын айтты. «Еуразиялық комиссия келісім дайындап жатыр. Ол зейнетақыны есептеу барысында одаққа мүше мемлекеттердің барлығының аумағындағы еңбек өтілін толықтай есепке алуға мүмкіндік береді. Меніңше, нақты бір азамат үшін, өмір бойы жұмыс істеген адам үшін мұның маңызы өте зор. Біз үшін де, сол адам үшін де нақты оның қайда жұмыс істегені маңызды емес. Ең бастысы оның жұмыс өтілін дәлелдейтін нақты құжаттары болса болғаны. Бұл құжаттың күшіне енуі  біздің мемлекет азаматтарының құқықтары мен мүдделерін барынша толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді В.Путин. Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков,  Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, сонмен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысты.
https://www.inform.kz
29 мамыр 2019 ж. 913 0