Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бензин бағасы арзандай ма - Энергетика министрінің жауабы

Бензин бағасы арзандай ма - Энергетика министрінің жауабы

АСТАНА. Қазақпарат - Бүгін ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін ведомство басшысы Қанат Бозымбаев бензин бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ТМД елдері арасында бензин Түрікменстанда ғана бізден 15 пайызға арзан. Бірақ, Өзбекстанда біршама қымбат. Бізде бензиннің литрі жарты доллар болса, ол жақта екі есе қымбат бір долларға жуық. Қырғызстанда да жоғары, Ресейде 30-40 пайызға қымбат. Сондықтан Ресеймен шекара ашықтығын, ЕАЭО елдерінің ортақ нарығын ескерер болсақ, онда бензин бағасы арзандамайтыны анық. Дегенмен, жергілікті қорлардың есебінен бүгінгі күнгі баға деңгейін ұстап тұрмыз», - деді Қанат Бозымбаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Оның айтуынша, еліміздің жаңғыртылған барлық мұнай өңдеу зауыттары  жобалық қуатына шыққаннан кейін 2018 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап ішкі нарық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Бензинге, дизель отынына және авиакеросинге тәуелділік жойылады. Терең қайта өңдеу көлемі 63-тен 83 пайызға дейін артады. К4 және К5 экологиялық санатындағы өнімдер шығарылады және жанар-жағармайды экспортқа шығару мүмкіндігі туады. «Ішкі нарықта отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бензин бойынша 90, дизель отыны бойынша 90 және авиакеросин бойынша 70 пайызды құрайтын болады», - деді ол.
 
www.inform.kz
24 ақпан 2018 ж. 1 245 0