Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда биыл жанармай тапшылығы болмайды

Қазақстанда биыл жанармай тапшылығы болмайды

2018 жылы Қазақстанда жанармай тапшылығы болмайды. Күрделі жөндеуден өткен үш мұнай өңдеу зауыты өндірісті арттырады. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлады КТК арнасы.
“Биыл 1,2 миллион тонна мұнайды артық өңдейтін боламыз. Сөйтіп, еліміздің 90 пайызын өз бензинімізбен қамтамасыз етеміз. 10 пайызын ғана импорттайтын боламыз. Мен ойлаймын жалпы бұл мәселе риск мәселесін төмендетеді”, – дейді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Министр әдеттегідей жанармай бағасын Үкімет реттемейді деп отыр. Сондықтан жанармай бағасы нарыққа байланысты болып қала бермек.
Үкіметте БАҚ өкілдерімен бірге өткен жиында министр журналистерге ренішін айтты. Әсіресе, елімізде жанармай бағасы  қымбат деп жиі жазатын журналистер Бозымбаевтың қытығына тиеді екен.
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы жанармай бағасы қайта арзан.
Сендер сауатты журналистсіңдер ғой. Өмірде жалпы энергетикалық көп сайттар бар. Онда дүниеде қанша мемлекет бар, қаншадан бензиннің бағасы жазылған. Өйткені, сендер жазасыңдар: «оой бізде қымбат бензин»-деп. Ай сайын мониторинг жасайтын сайттар бар. Мен бір агенттікті қарадым. Бағаларды қарасақ, 140 мемлекеттің ішінде біз төменде 13-14- орында тұрмыз”, – деді Бозымбаев.
Сонымен қатар, энергетика министрі Қазақстаанда  жанармай сақтайтын қор құрылатынын айтты. Онда бензиннен бастап, отынның барлық түрін сақтамақшы. Сөйтіп, оқыс жағдай бола қалса, сол резервтегі жанармай елімізді қиын жағдайдан қорғап қалмақ. Бірақ, қордың қашан құрылатыны әзірге белгісіз.
Сондай-ақ, Бозымбаев, дизель отынын құятын жүргізушілерге минус 40 градуста қатпайтын қысқы түрін құюға кеңес берді. Өйткені, машинасының мотор майы мен соляркасы қатып, жолда қалғандар жетерлік.
24 қаңтар 2018 ж. 1 195 0