Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ телевизиясына – 60 жыл

Қазақ телевизиясына – 60 жыл

Телевизия - XX ғасырдың екінші жартысында пайда болған саяси-әлеуметтік және мәдени феномен. Сондай-ақ, адамзат өркениетіндегі ерекше, бірегей құбылыс. Ал бұл саланың қазақ даласына келгеніне бүгін 60 жыл толды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

1958 жылы 8 наурыз күні Қазақ телевизиясының қара шаңырағы дүниеге келді. Алматы студиясы арқылы алғашқы сигнал бүкіл елге хабар таратты. Бұл ел тарихындағы елең еткізер жаңалық болды. Тарихи деректерге сүйенсек, тұңғыш қазақ телеарнасының тырнақалды хабарын республика көрермендері 4100 теледидардан тамашалаған.
Желтоқсан айынан күнделікті 5 сағаттық хабар беріле бастады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ теледидарының тарихында жаңа кезең басталды. 1994 жылы 4 сәуірде Қазақстан Президентінің жарлығымен «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы болып құрылды. 2002 жылдан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы деп аталды. Телеарнада күніне қазақ тілінде 4 рет, орыс тілінде 4 рет жаңалықтар топтамасын беретін ақпараттық талдау бағдарламалар дирекциясы құрылды. Көзімізді ашқалы тамашалап келе жатқан ұлттық телеар­на халқымыздың мәдениетiн, тарихын, өнерiн кеңінен насихаттап келеді.
Осы жылдар ішінде телеарна сан түрлі өзгерістерді бастан кешірді. Алғашқы кассеталы ауыр камералар мен сымы бар микрофондардың орнына сан қырлы техникалық мүмкіндігі бар - цифрлық телевизия келді. Осы оң өзгерістердің орын алуына әр жылдары келіп отырған басшылар өлшеусіз үлес қосты. Солардың бірі – білікті журналист Ғаділбек Шалахметов. Ол қазіргі отандық телевизия саласы кеңестік дәуірдің сынағынан өткен үздік тәжірибесін ендіріп, лайықты деңгейде жалғап келетінін айтады.
«Арада 60 жыл өтті. Қазір қазақ телевизиясы тек өзімізде ғана емес сырт елдергеде танылып жатыр. Журналистердің шетелдерден жасаған репортаждарын қызыға тамашалаймын. Сондықтан біз бастаған қазақ телевизиясының әлемдік деңгейде танылуы үлкен жетістік деп санаймын»,- деді Ғаділбек Мінәжұлы.
Сондай-ақ, халыққа кеңінен танымал болған ел тарихындағы алғашқы дикторлар Зұлқия Жұматова, Сауық Жақанова, Әнуарбек Байжанбаев, Тыныс Өтебаев, Ләскер Сейітов, Мәриям Айымбетова, Әбдірәлі Бөлебай сынды майталмандар халықтың құрметіне бөленді.
Алғашқы диктор Зұлқия Жұматова жақында Ұлттық арнадағы «Дара жол» бағдарламасының құрметті қонағы болды. Оның айтуынша, 1958 жылы наурыз айының басында радиодан, газеттен телевидение ашылады деп хабарланған екен.
«Шәкен Айманов тоқтатып аты жөнімді сұрады. Атымды, жасымды, 8 баланың анасы, жұмыссыз екенімді, шығармашылықпен айналысатынымды айттым. Сонда өз шығармашылығымнан үзінді оқып беруді сұрады. Абай туралы жазған өлеңімді оқып бердім. Сосын Шәкен Айманов «орысшаға қалайсыз?» деп сұрады. Осы өлеңді орысшаға аударып берейін дедім. Ол кезде комиссия 20 кісіден тұрды. Олар ақылдасып болған соң, «сіз бірауыздан өтесіз» деді. Сол кезде 1 орынға 750 адам үміткер болыпты»,- деді алғашқы диктор.
Ал, Әбдірәлі Бөлебай Театр және кино мамандығын бітіріп, дикторлыққа дайын болып келген.
«Қазақ телевизиясы - үлкен мектеп. Телеарнаға 25 жасымда келдім. Алғашында радиода қызмет атқарып, сосын арнаға ауыстым. Қазақ радиосы және Ұлттық арна – бренд. Басқа арналардың барлығы осы қара шаңырақтан тараған. Ұлттық арнаға табыс тілеймін», - дейді телевизия ардагері.
2017 жылы «РТРК» АҚ Төралық қызметіне белгілі саясаттатанушы, идеолог Ерлан Қариннің тағайындалуымен де талай жаңашылдық болды. Атап айтсақ, телеарнаның атауы латын әріптерімен таңбаланып ребрендинг жасалды.
«Жалпы, бұл бастама аймақтардағы телеарналарға жаңа леп, жаңа серпіліс қана беріп қоймай, қазақ телевизиясының заманауи үрдістерге бейімделіп, әрі қарай дамуына жол ашады», - деді Е. Қарин.
Қазақ телевизиясында осы саланың кәсібіне берілген шынайы мамандар аз емес. Біздің бүгінгі осы саладағы жеткен жетістігіміз, алған асуымыз алдыңғы толқындағы зерделі, ойшыл, тереңнен маржан іздеген кәсіби мамандардың еңбегінің жемісі. Олардың сіңірген еңбегі отандық телевизия тарихында мәңгілікке жазылған.
«Бүгін Қазақ телевизиясы үшін айтулы күн! Осыдан 60 жыл бұрын қазақ теледидарының негізі қаланып, алғашқы отандық хабарлар эфирге шыға бастады. 1958 жылы 8 наурызда алғашқы рет эфир тестілі түрде таратылды, ал 16 наурызда эфир тұрақты түрде таратыла бастады. Қазақ телевизиясы осы аралықта халқымыздың рухани, мәдени, қоғамдық құндылықтарының дамуына, ұлттық сана сезімнің қалыптасуына қосқан үлесі өлшеусіз, маңызы ерекше. Әр қазақтың төрінен орын алған көгілдір экраннан сан түрлі құнды дүниелер жарық көріп, қалың көрерменге жол тартты. Қазақ телевизиясы – қазақ зиялы қауымының рухани, мәдени ошағы болды. Осы қара шаңырақта әр жылдары еңбек еткен зиялы қауым көптеген жас мамандарды тәрбиелеп, болашаққа бағыт берді, жол сілтеді, отандық телевизия мектебінің қалыптасуына атсалысты. Ұлттық арна әр кезеңде заман ағымына сай өзгеріп, болашаққа қанат қағып келеді. Кешегі күн - бүгінгі тарих демекші, кезінде ел мүддесі үшін атсалысқан ардагерлерімізді ұмытпау – біздің парызымыз!» - дейді Ерлан Қарин.
60 жылдыққа орай ұлттық арнаның атқарып жатқан шараларына тоқталған арна басшысы көрермендерді теларна мерейтойымен құттықтады.
«16 наурызда «Qazaqstan» Ұлттық арнасы қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай, телевизия ардагерлеріне арнап салтанатты жиын өткізеді. Алдағы уақытта Ұлттық арнаны бұдан да биік асулар күтіп тұр. «Qazaqstan» ұжымы талай белестерді бағындырып, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдіміз! Баршаңызды Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтоймен құттықтаймыз! Және біз әдеттегідей, «Алтын қорда» сақталған телебағдарламалар мен телевизия ардагерлері жайлы бағдарламаларды көрсетуді жалғастырамыз» - деді корпорация басшысы.
8 наурызда, 17:05-те қазақтың алғашқы дикторы Зұлқия Жұматова жайлы «Келбет»,
10 наурызда, 08:20-да және 11 наурыз, 11:25-те қазақ телевизиясының ардагерлері қатысқан «Дара жол»,
10 наурыз, 16:35-те қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған арнайы хабар,
11 наурызда, 17:25-те белгілі журналист Бейбіт Құсанбектің «Өмір-өзен» бағдарламаларын тамашалай аласыздар!

08 наурыз 2018 ж. 3 541 0