Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазғыштар немесе ФБ әлемі. Атың шықпаса...

Жазғыштар немесе ФБ әлемі. Атың шықпаса...

Біздің ауыл деп аталатын елде арыз деген сөздің жұрт ішіндегі «авторитетін» білесіз бе? Білмесеңіз айтайын. Арыз жазғыш ағам, мейлі көкем болсын бізде сырт көзге өте беделді көрінеді. Халықты қайдам, кейбір басшылық тізгінін ұстаған көкелерім осындай «қаламы жүйрік», фактімен сөйлейтін арызқой шал-көкелерді басына көтеріп ұстайды. Үлкен дастарханда қасына отырғызып, арқасынан қағып, алдын орауға тырысады. Ал былай шыға ше? Іштей тілдеп, сырттай қыжыртып, атарға оғы болмай кіжініп жүргенін көресің.Мысал болсын. Қайсыбір жылы ауылдағы көне мектептің көбісі көмірмен жылынушы еді. Әдетте тонналап түсетін көмірдің үштен бір бөлігі арызқой шалдың ауласына тасылатын. Директор байғұс орнын уайымдай ма, жазғыш шалдың аузын әп-сәтте майлап қоюуды әсте ұмытпайтын. Ұмытуға болмайды да. Әкім де әлі жеткенше солай риза қылады. Кейін әлгі директор жұмыс ауыстырып кетті де, орнына жас директор сайланды. Келе ішкі тәртіпті қалыпқа салды, мұғалімдер арасындағы анау-мынау артық жүріс кілт тоқтатылды. Жылдағы көмірден үлес жазғыш шалға биыл бұйырмады. Дәстүрді бұзған мұндай директорды шалың қайтсін. Арыз жазды да айдап шықты. «Айй, жас жігіт еді обал-ақ, алдыңнан жарылқасын» деп қала бергеннен басқа амалың да жоқ мұндайда...
Айтпақшы жазғыштардың жалпақ жұртқа сөзі өтпесе де, жаңағы әкім мен директорыңды «орнына» қойып тұр. Құлағының тиыштығы мен қолындағы билігін уайым қылатын мұндай басшылық әдетте сол «жоғарыға хат жазғыш» жағымсыз кейіпкерінің көңілін тапқыш. Қалай дейтініңіз бар ма? Сырттай мұғалімдік оқуды шұбар бет кәрі сиырдың жыл сайын төлдеген төлін сатып, балығы мен базарлығын тасып, ілдәләп зорға бітірген жазғыш шалдың ұл-қызын немесе келінін қызметке алар еді. Ағайын айта берсін, өз ұпайым түгенделсе болды деген пиғылмен шалың осылай арыз арқылы тұқыртып, үрім-бұтағы мен ет жақынын қызметке қояды. Жазғыш жазбасын, соған жағымды болайын деп директорың һәм әкімің жалбақтай шауып, момындау біреудің қызметін жартысын қиып, бар-жоқты құраса да жұмысқа қояды. Жалпақ жұртқа аян, жазылмай келе жатқан біздегі дерт осы. Ауылдағы ағайын жұмыс сұрап, басшыға бармайды, жазғышқа барады. Жағдайын айтады, жылы-жұмсағын аузына тосады. Ал жұмысқа тұрды делік. Жұмысқа тұрған пендең сол замат ала сиырын сол күні пышаққа жығып, жіліктеп, қалаға сатуға жөнелтіледі. Ішің білсін қалғанын. Айтпақшы сол ала сиырдың құнаншығар баспағы қорасын өзгертеді. Бөтен қораға үйренбеген баспақ байғұсты жазғыш шалдың немересі талай қуалап бұрынғы қорасынан айдап кетіп жүргенін көретінбіз. Ауылдық жердегі барлығы демесем де кей ахуал осындай екені өтірік емес еді.
Ауылың осылай ма деп қатты таң қалып отырған боларсың, қалалық оқырманым. Иә, қалаң да далаңнан қалысар емес. Қағаз ақтарып, факті жинамайды мұндағы жұрт. Әлеуметтік желі жақсы болды. Фейсбук бар бізде. Жанды ма, жансыз ба. жағымсызын көрсе болды сырт еткізіп «соткісіне» түсіре қояды. Айдай әлемге таралып кеттің сосын. Мың адам лайк басып, лайықты жазаңды береді, ой-пікірлерін жазып, оңдырмай тастайды. Түймедейді түйедей етіп көрсетіп, кейде ел ішінде кәдімгідей дау туғызатынын қайтерсің осы ФБ?! Жақсысын асырып, жаманын жасыратын жұрт едік. Керісінше жамандықты осы желі арқылы шақыратын болып алдық. Болмашы қате билікте болсын, бейтарап адамда болсын болатыны анық, ал біз тақырыпты айқайлатып қойып, аттандап кеп жөнелеміз. Осынымыз жөн бе? Кемшілікті айтпа демеймін, бірақ кей-кейде өзімізде
асыра сілтеп, қолдан келер істі жоғары жақты қатыстыра отырып талқылау міндетіміз болып барады.
«Дәлелсіз сөйлеу, жеке бас араздық-кейбір жақсы кадрлардың түбіне жетіп жатыр» деп айтып еді елге белгілі бір ағам. Ақ-қарасын ажыратпай жатып, арыз жазғышпыз, постта мәселе көтергішпіз, бірдеңені сүйкете сап, «үрит, соқ» айдап салуға құмартып кеткенбіз. Соңғы кез қарқын алғаны соншалық, кейбір желідегі таныстарым жетелі сөз айтудың орнына, болмайтын бүлдіргі әңгімені қоздатып әкету жағында олда тұр. Жараса ма осы? Абырой көріп, атақ шығарғысы келетін, халық айқайын осылай жеткізіп жүрмін деген кейбір «жазғыштар» (кейбір «жазғыштар» деп тағы қайталаймын) осыны ойланса екен?! Ел ішінде «анау өшті», «мынау көшті», «біреу құлады», «біреу жылады» деп даурықпай-ақ мәселенің шешімін басқалай неге таппасқа? БҰЛ ӨЗІНШЕ БЕДЕЛ ЖИНАУ МА?
Р.S. «Атың шықпаса жер өрте» деген бар Қазір атың шықпаса желіде «негатив» жаз, болмаса Байзақова секілді былапыт сөйле. Жалаңаш жүр, жаман пікірді қарша борат...Осындай болып тұр.
Сонда елдегі болып жатқан игі істерді кім көрмек, кім дәріптемек. Неге жаман жағын есептеу бізге тән? Өспейтіннің өнбейтін дау қуатынын ұмытпасақ екен. Бір-бірімізді таптағаннан ұтарымыз қәне?
Ержан Қожас
12 наурыз 2018 ж. 1 449 0