Аралдық қос дарын халықаралық энциклопедияға енді

Ұлан және Қайсар есімді қос бірдей шәкірт бұл орталықтағы ағай-апайларын жарқын жетістіктерімен қуантып, өз мектептерінің мақтанышына айналып отыр. «Білім үздіктері», «Жас данышпандар» және «Юсимас жұлдыздары» атты бөлімдерден тұратын «Алтын қор» атты халықаралық энциклопедиясы өзінің ең алғашқы шығарылымына аралдық Ұлан мен Қайсарды жас данышпандар ретінде тізімге енгізіпті. Әлемдік деңгейдегі энциклопедияның алғашқы шығарылымына еніп отырған Ұ.Әділжанұлы мен Қ.Махановтың мектептегі жетістіктері де жетерлік.
Ұлан Әділжанұлы қазіргі таңда қаладағы №83 орта мектептің 6 «ә» сыныбында оқиды. Мектептегі іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Есепті қажет ететін тоғыз құмалақ ойынынан да талай жүлде иеленген. Қазіргі уақытта футболдан аудандық жасөспірімдерден құралған команданың мүшесі. Ал Қайсар Бөкенбайұлы қаладағы №262 мектеп-гимназиясының 5 «а» сыныбында оқиды. Ойы ұшқыр Қайсар талай мәрте аудандық және облыстық пәндік олимпиадалардан озық шықты. Нақтысын айтсақ, Жалпы білім беру ұйымдарының 2-4 сынып оқушылары арасындағы республикалық «Бастау» математикалық турнирінің облыстық кезеңінде жүлделі ІІІ орын еншілеген.
Халықаралық ментальды арифметикалық академиясы «Арал-Юсимас» орталығының директоры А.Абдуалиев жетістікке жеткен қос бірдей түлегіне «Жас данышпан» төсбелгісі мен арнайы куәлігін табыстап, олармен мақтанатынын жеткізді.
– Бұл орталықта көптеген шәкірт білім алды, жетістікке жетті. Алайда Ұлан мен Қайсардың шыққан биігі бір төбе. Себебі олар халықаралық энциклопедияға жас данышпандар ретінде еніп отыр. Біз баста бұлай боларына сенбедік. Көп уақыт күткеніміз де жасырын емес. Ақыры міне үміт пен сенім ақталып отыр. Осы энциклопедияға облыстан 8 оқушы енсе, оның екеуі аралдық Ұлан мен Қайсар. Мұның бәрі тынымсыз еңбек пен ерекше қабілеттің арқасы. Мұндай балаларды біз әлде де демеуіміз керек. Болашақ елдің атын шығаратын осындай балалар ғой. Жетістіктері құтты болсын, – деп өзінің ізгі тілегін айтты.
Бала болса да озық ойының арқасында өзгелерден басым түсіп жүрген қос бірдей дарынға білім жолындағы басқан қадамдарына сәттілік тіледік.
А.Қарасай.