Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушы қабілетін  шыңдаған  орталық

Оқушы қабілетін  шыңдаған  орталық

Жақында жас шамасы 7-8-дердегі оқушының үш таңбалы, екі таңбалы сандарды бір-біріне қосуда немесе алуда кәдімгі есептеуіш құрылғыдан жылдам шығарып тұрғанын көріп, бас шайқағанымыз бар. Мұндай көріністерді әдетте көгілдір экрандардан көрген біз үшін бұл таңсық дүниеге айналғаны анық. Қызығушылығым артып, әлгі балақайдың білім алатын жерін, қайда тұратынын білгім келді. Сөйтсем, ол осы қаладағы Арал-Юсимас орталығының шәкірті екен. Есімі–Қайсар. Өзі қаладағы №262 мектеп- гимназияның 3-сынып оқушысы. Міне, біз Қайсар сынды балаларды тәрбиелеп, олардың жүлдегер атануына жол ашқан Арал-Юсимас орталығы жайында айтпақпыз.
«UCMAS» компаниясын 1993 жылдың қазан айында Малайзияда профессор Дино Вонг негіздеген. Аталмыш компанияның қазіргі таңда Малайзия, Таиланд, Қытай, АҚШ, Англия, Австрия, Испания, Австралия, Таяу Шығыс сынды алпауыт елдерімен қа­тар, әлемнің 58 елінде 5 мыңнан астам орта­лықтары жұмыс жасайды екен. Ал, бізде алғаш рет 2011 жылы Алматы қаласында ашыл­са, Арал қаласында 2016 жылдың 13 қаңтарынан бастап жұмыс жасауда. Негізі мек­теп жасындағы балалардың сандарды ой­ша есептеуі арқылы интеллект қабілеттерін дамыту үшін құрылған оқу орталығының не­гізгі құралы ретінде абакус шоттары қолда­нылады.
–Бастапқы сатыда балалар есепшот тас­та­рымен жұмыс жасай жүріп, екі қо­лын пайдаланады. Сол арқылы мидың 2 жар­тышарының жұмыс істеуін ынта­лан­дырады. Сондай-ақ, оқу барысында мате­ма­тикалық операциялардың 4 түрін үйренеді. Яғни, қосу, азайту, бөлу, көбейту. Және де квадрат түбір асты мен арифметикалық квадрат, куб түбірастын табуды меңгереді. Абакуста екі қолдың саусақтарымен жұмыс істеп, бала саусақтарының ұшында орналасқан жүйке жұрнақтарын тітіркендіреді. Осылайша, жаттығудың әрбір кезеңі баланың есепшотқа үйірлігін бәсеңдетіп, оның өзіндік елестету арқылы жұмыс жасау қабілетін арттырады. Уақыт өте, есепшотты көз алдына елестетіп, оның бөлшек тастарын ойша жылжыта отырып, есепті ойша шығаруға үйретеді. Қазіргі таңда біздің орталықта 70-тің үстінде балалар екі ауысым бойынша дәріс алады. Олардың арасында түрлі байқауларға қатысып, жетістіктерге жетіп жүрген оқу­шылар да бар,–дейді Арал-Юсимас ор­талығының директоры А.Әбдуәлиев.
Енді осы орталықтың құрылғаннан бергі уақыттар аралығында жеткен жетістіктеріне тоқталсақ. Бұл орталық жұмысы бас-аяғы бір жылдың ішінде нәтиже берген. Атап айтқанда, Қызылорда облысында өткен об­лыстық олимпиадада  М.Салижановажүл­делі  ІІІ орынға ие болған. Сол жылдың мамы­рында өткен ІV республикалық олимпиа­да­дан жүлделі ІІ орын еншілеген. Ал, Бірік­кен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өт­кен ХХІ дүниежүзілік Халықаралық мен­таль­ді арифметика жарысынан 57 мем­лекет­тен келген 7 оқушы ішінен жерлесіміз З.Толы­бекқызы жүлделі ІІІ орынды қанжы­ғасына байлаған. Бұл–біле білгенге ұстаз­дар еңбегінің жемісі. Әлемнің есепті шеміш­кі­дей шағатын кіл мықтылары бас қосқан мұндай сайыста жүлдеге қол жеткізу, әри­не, бағалауға тұрарлық жетістік. Мұнан бө­лек, өткен жылдың 1 мамырында Ал­ма­ты қаласында республика көлемінде өт­кен жарыста Аралдан 29 бала қатысып, ара­сынан 5 бала жүлделі ІІ орындарға табан тірегенін атап өткеніміз жөн. Ал, сол жылдың тамызында Иордания елінің Амман қаласында ұйымдастырылған ІV халық­аралық олимпиадада Арал-Юсимас орталы­ғының тәлімгерлері Ж.Нұрбаев пен А.Бөлебек­қызы 4 мың қатысушы студенттер арасынан жүлделі ІІ орыннан көріне білген. Ашылғанына көп болмаса да, таудай жетістіктерге жетіп отырған орталықтың жұмысы мақтауға тұрарлық. Бүгінде жүлделі орыннан көрініп келе жатқан аталмыш орталық осы жылдың желтоқсан айында өтетін ХХІІІ дүниежүзілік олимпиадаға Иран мемлекетіне шақырту алып отыр.
Арал-Юсимастың 2-ші қалалық олимпиа­дасы қаладағы №64 орта мектепте болды. Оған Арал қаласынан бөлек, Байқоңыр қаласы, Сексеуіл және Жақсықылыш кент­терінен барлығы 40 студент қатысты. Онда да ойша есептеуде үздік шыққан өрендер жүлделі орындардан көрінді.
Иә, бастысы, оқушылардың ойлау жүйесі мен есте сақтау қабілетін арттыруда аса оңтайлы тәсілдер арқылы жұмыс жүргізетін құрылым бүгінде сұранысқа ие. Себебі, ба­ласының жақсы білім алып, сол білім жо­лында жақсы жетістіктерге жетуін қай ата-ана қаламайды дейсіз?! Ендеше, Арал-Юсимас орталығы әлі талай жастың талабын ұштап, қабілетін шыңдайды деген үміттеміз.
А. Бисенов.
27 ақпан 2018 ж. 1 624 0