Елордада Қызылорда облысының жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңкеге Қызылорда қаласы мен облысқа қарасты аудандардан 355 тонна өнім түрлерін 24 автокөлікпен жеткізген. Сыр өңірінің тауар өндірушілері 40-тан астам өнім түрін, оның ішінде 100 тонна күріш, 174 тонна қауын, қарбыз, асқабақ сынды бақша дақылдарын, 5 тонна сүт өнімдерін, 16 тонна балық, 45 тонна, картоп, басты пияз, қияр, қызанақ, 3,5 тонна жеміс, 10 тонна ас тұзын, 1,5 тонна Қызылорда конфеттерін саудалады.
«Облыстың ауыл шаруашылығы саласы соңғы 5 жылда жоғары көрсеткіштерді көрсетуде. Облыстың ішкі жалпы өнімінің құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 2,5 пайыздан 3,7 пайызға артты, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 45,9 есеге, ал тамақ өнімдерін өндіру 10,0 пайызға өсті. Шаруашылық субъектілерінде соңғы 5 жылда ет өндіру 73,9, сүт 31,6 пайызға артты», - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов.

Оның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 5,8 мың гектарға артық егілген. Егінге орақ салу жұмыстары 20 тамыздан басталды. Бүгінгі күні 87,9 мың гектар күріштің 37247 гектары орылды. Оның 29102 гектары бастырылып, 143,8 мың тонна өнім алынды. Орта өнім гектарына 49,4 центнерді құрайды. Күріш жинау жұмыстары жалғасуда.
