Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛИМЕНТ ПАРЫЗ ЕМЕС – ҚАРЫЗ

АЛИМЕНТ ПАРЫЗ ЕМЕС – ҚАРЫЗ

Бүгінгі күні кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау, оның ішінде алименттің толық және уақытылы төленуін қамтамасыз ету қоғамымыздың өзекті мәселелерінің біріне айналды.
Осы орайда, күні кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Арал аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен «АЛИМЕНТ ПАРЫЗ ЕМЕС – ҚАРЫЗ» тақырыбында Ведомствоаралық мәжіліс өткізілді.
Аудан әкімдігінің қолдауымен өткен мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов, аудан прокуроры А.Тәженов және жергілікті атқарушы, құқық қорғау, сот орындаушылар, уәкілетті мемлекеттік органдар, ірі кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдар өкілдері мен қоғамдық бірлестіктер және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде ағымдағы жылдың 9 айында алимент қарыздарын өндіру бағытында атқарылған жұмыстардың жай-күйі қаралды.
Жиын барысында аталған мәселе бойынша ең алдымен Арал ауданы прокуратурасының аға прокуроры А.Жанесенова хабарлама жасап, түрлі себептермен баласына алимент төлеуден жалтарып жүргендерге арнайы заң болса да, діни өкілдер әкенің балаға берешегі қарыз емес, парыз екенін түсіндіріп дабыл қақса да, өзегін жарып шыққан ұрпағына көмектесуден бас тартушылардың азаймай тұрғанын тілге тиек етті.
Нақты санмен айтар болсақ қазіргі таңда аудан көлемінде алимент өндіру санатында 656 балаға қатысты 524 атқарушылық құжат орындалуда. Соның ішінде, 342 атқарушылық құжат мерзімді және ішінара орындалуда, оның 38-і қиындық туғызатын борышкерлер болса, ал 34-і қасақана жалтарып жүргендер, оның 22-не іздеу жарияланған, ал 24 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Баяндамашының айтуынша, бүгінгі күні аудандағы алимент өндіру бойынша берешек қарыз 53 млн.теңгені құрап отыр.
Одан әрі күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша жеке сот орындаушы Г.Қаражанова сөз алып, алимент өндіру санатындағы құжаттардың орындалу барысында туындайтын қиыншылықтар жөнін баяндап өтті. Осы ретте, аудан көлеміндегі мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаратын борышкерлердің алимент аударымдары жөніндегі мәліметтер уақытылы сот орындаушыларға жолданып тұруы қажет екенін атап өтті.
Мұнан соң, кәсіпқой медиатор Ә.Жалғасбаев сөз алып, аудандағы кәсіпқой медиаторлардың ықпалымен шешім тапқан мәселелерді баяндап өтті. Атап айтсақ, жыл басынан бері аудандық сотқа некені бұзуға өтініш білдірген 73 азаматтық іс қаралса, соның 33-і медиаторлардың араласуымен бітімге келіп, іс жүргізу тоқтатылған. Мұнан өзге, кәсіби медиатор Ә.Жалғасбаевтың араласуымен бір алимент өндірушінің өтінішіне сәйкес, атқарушылық құжат бойынша қалыптасқан қарыз борышкердің өзінің атындағы пәтерін сатуы арқылы толықтай өтелуіне қол жеткізілген.
Мәжіліс соңында аудан прокуроры баяндамашылардың хабарламаларын назарға ала отырып, талдай келе аталған жұмыстарды әлі де жандандыра түсу керектігін тапсырды. Сонымен қатар, жиынды қорытындылай отырып алименттің толық және уақытылы төленуін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
28 қыркүйек 2019 ж. 1 038 0