Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейде президент сайлауы өтіп жатыр

Ресейде президент сайлауы өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясында жетінші рет президент сайлауы өткізілуде. Сайлауда бірінші болып Ресейдің қиыр шығысында орналасқан Камчатка аймағы мен Чукотка автономды округының тұрғындары дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ТАСС-қа сілтеме жасап.Ресейдегі сайлау заңнамасы бойынша ел президентін сайлау жергілікті уақытпен сағат 08:00-ден 20:00 аралығында жүргізіледі. Дәл осы күні сайлаушылар үшін бүкіл Ресей ішінде 97 мыңға жуық сайлау учаскелері жұмыс атқаратын болады.
РФ территориясы 11 сағаттық белдеуді алып жатқанын ескерсек, елдің қиыр шығысында орналасқан Камчатка аймағы мен Чукотка автономды округының тұрғындары дауыс беруді Ресейдің орталық және батыс бөлігінде сенбі күнгі кешкі 23:00 болып жатқанда-ақ бастап кеткен. Сәйкесінше, президент сайлауында дауыс беру елдің ең батыс нүктесінде орналасқан Калининград қаласындағы сайлау учаскелері жабылғанда тоқтатылмақ. Алайда, батыс елдерінде жүрген РФ азаматтары үшін дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00-ге дейін жалғаса бермек.
Барлық ресейліктер тек сайлау учаскесіне келіп дауыс бере алады. Сайлау күні орбитада жүрген ресейлік ғарышкерлер ғана Ұшу сапарларын басқару орталығымен байланысу арқылы арнайы телесеанс кезінде сенімді өкіл арқылы дауыс бере алады. Дәл бүгін Ұшу сапарларын басқару орталығы Халықаралық ғарыш станциясында бортинженер Антон Шкаплеровтың дауыс беруін жүзеге асырады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, президент сайлауы кезінде науқанның тыныш өтуіне барлық күш құрылымдарын қоса есептегенде 532 мың адам мен 110 мың арнайы техника жұмылдырылмақ.
2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерге сәйкес, Орталық сайлау комитеті дауыс беруге құқылы 110 миллион 858 мың 228 сайлаушының барын жариялаған. Олардың 108 миллион 968 мың 869-ы Ресейде, 1 миллион 889 мың 359 адам шетелде дауыс бере алады. Айта кетерлігі, 2012 жылғы соңғы президент сайлауында 109 миллион 860 мың 331 сайлаушы тіркелген болатын.
РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарованың хабарлауынша, әлемнің 145 еліндегі 378 учаскеде ресейлік азаматтар сайлауға қатыса алады.
Мемлекеттің президенттігіне: ЛДПР көшбасшысы Владимир Жириновский, КПРФ атынан бизнесмен Павел Грудинин, «Гражданская инициатива» партиясының тележүргізушісі Ксения Собчак, «Яблоко» партиясының негізін қалаушы Григорий Явлинский, бизнес-омбудсмен, Рост партиясының төрағасы Борис Титов, «Коммунисты России» партиясының атынан Максим Сурайкин, «Российский общенародный союз» партиясының көшбасшысы Сергей Бабурин, сонымен қатар, қазіргі президент Владимир Путин түсіп жатыр. Путинді «Единая Россия», «Справедливая Россия», «Родина», «Патриоты России» партиялары мен қоғамдық ұйымдар қолдап отыр.
Айта кетсек, 2012 жылға дейін Ресейде президент 4 жылда бір сайланған болатын. 2008 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілген соң ондағы президент 6 жылда бір сайланады. Ресей президенттігіне жасы 35-тен жоғары, елде 10 жылдан астам уақыт тұрған адам сайлана алады.    
.inform.kz
18 наурыз 2018 ж. 1 163 0