Қызылордалық айтыскер ақын Ержеңіс Әбді Сырдария ауданы Шаған ауылының тұсынан сирек кездесетін құс тауып алды. Бұл туралы ол Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазды. Құлағы түрік жүретін тілші қауымынан емеспіз бе, тосын жәйтті естіген бойда өзімен хабарластық. – Аралдан Қызылордаға қарай қайтып келе жатқан жолда көлікке соғылған құсты жолықтырдым. Тыпырлап ұша алмай жатыр екен. Аң-құс аулауға бір кісідей құмарлығым бар еді, бірақ мынадай құсты бірінші рет көруім. Білетіндер болса, қандай құс екенін айтар деген оймен дереу суретке түсіріп, Facebook әлеуметтік желісіне жарияладым. Интернеттен іздегенімде дуадақтың безгелдек деген түріне қатты ұқсастық байқадым. Сол жазбадан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері хабарласты. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, қалалық ветеринария бөлімінің мамандары келіп, мән-жайды тіркеп, құсты өздерімен бірге алып кетті, – дейді Ержеңіс. Мамандар да мұндай құстың тәжірибеде кездеспегенін айтып отыр. «Аяғы жазылған соң құсты Шымкенттің зоопаркіне өткіземіз немесе көкке ұшырып жібереміз» депті олар. Назерке САНИЯЗОВА, «Сыр бойы»