Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » САЗ ШЕБЕРІ САЙЛАУ ЕДІ...

САЗ ШЕБЕРІ САЙЛАУ ЕДІ...

          Уақыт шіркін соққан желдей, аққан судай неткен жылдам десеңші. Кеше ғана сияқты еді бәрі. Ол уақытта Арал теңізінің атағы алыс-жақын елдерден асып, жер жүзіне жеткен ас та төк заман еді ғой.          Біз туған, кіндік қанымыз тамған, шыр етіп жерге түскен тоқсан үйлі ауылдың арқасы жазира дала, алды ақжал толқынды айдын еді. 1928 жылы Арал ауданы бойынша алғашқы колхоз осы ауылда туын тіккен. «Қаратүп» колхозы. Колхоз орталығы Көнебөген ауылы. Бөген балық аулау базасының бөлімшесі. Орталықтан 6-7 шақырым алыста орналасқан.
Көзімізді ашқаннан біздің көргеніміз көк теңіз және Көнебөген ауылы, әзілдері удай ащы балықшы қауымы, үш мезгіл асымыз балық болатын.
        О кездері балықшы үйлерінің бәрі дерлік теңіз жағасын жағалай қоныс тепкен. Теңіз жиегінен таяқ тастам жерде біздің екі бөлмелі қоржын там. Оның жанында молда Қаражан көкемнің үйі, төбешіктің етегіне таяу жерде менің бүгінгі кейіпкерім марқұм Сайлау достың екі бөлмелі бәкене тамы тұратын. Ол осы ауылда 1950 жылы 8 наурыз күні дүниеге келген. Сайлау әкесі Тілеп жездеміздің анасы Орынбике апамыздың сүт кенжесі болатын. Алдындағы үлкен ағасы Нұрамадин Арал теңізінде жүзетін баржада шкипер, одан кейінгі ағасы Нағымадин балықшы, одан кейінгі ағалары Ақнияз бен Байнияздың бірі  Шымкент сауда техникумынде, екіншісі сол қаладағы киномеханиктер даярлайтын кәсіптік училищеде білім алатын о кездері.
        Ауылдағы Сайлаудың ермегі қолдан жасалған қара домбыра болатын біз көргенде. Ағаларынан үйренген  Құрманғазы, Қазанғаптың күйлерін нақышына келтіре орындап, осы маңайда ойын қызығымен ойқастап жүрген бізді жанына шырқ үйіретін. Музыкадан меңіреу болсақ та санамызға Сайлау шерткен күйлер біртіндеп сәуле түсіргендей болады. Соған мәзбіз, соған ризамыз.
        Сонан бастап төбенің етегіндегі Сайлаудың үйіне қарай көзімізді ашар-ашпастан біз тұра жүгіретін болдық. Біз деп отырғанымыз соңғы демі біткенше қолынан қаламын түсірмеген, аудандық «Толқын» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып ұзақ жылдар қызмет атқарған қыз мінезді марқұм Қуанышбай Мұқаш, Сайлаудың нағашы інісі, марқұм Тұрсынбай Қаражанов, запастағы ішкі істер полковнигі Әділхан Сапаров, белгілі жазушы Қуаныш Жиенбай, дүниеден тым ерте озған Мұрат Борашов болатын.
        Ішіміздегі музыка аспабына біртабан жақын, саз десе түбіт қанатты жас қырандай түлеп сала беретін Әділхан да Сайлаудан қалыспаушы еді. Екеуі он екі пернені кішкентай саусақтарымен ойнақтата шерткенде оркестрге ұқсап кететін. Сөйтіп Тілеп қарттың кішкентай ауласын күй күмбірі тербетіп тұратын еді.
        Көп ұзамай Сайлау мектеп бітірген сонау 1967 жылы Тілеп жездемнің отбасы ата мекендері Көнебөген ауылынан Арал қаласына қоныс аударды. Артында Сайлау жайлы, өнер жайлы айта-айта ауызымыз тозып біз қалдық. Әсіресе, сол кездері Шымкенттен жазғы демалысында ауылға келіп, ақ құмшықтың үстінде студенттің ғажайып өмірін, сазгер Шәмші Қалдаяқовпен сыра ішкенін, жас ақын Мұхтар Шахановты көргенін айтатын Ақнияз ағамызды кәдімгідей сағынып жүрдік.
        Ол кездері Арал қаласына барып келгендер Алматыға барып келгендей арқаланып, айдыны асып келетін. Кезекті бір келгендер Тілеп шалдың кенжесі Сайлаудың Шымкент музыка училищесіне оқуға түскенін ауыздарының суы құрып ауылдағыларға айтып келген. Сонда ауылдағылар «Ә, ол Сайлау бала алдына қара салдырмайды, әлі-ақ атақты күйші болады» дегенін де құлағымыз жиі-жиі шала бастаған.
Бір күні Сайлауға да кездестік. Кәдімгідей есейіп қалыпты. Арал аудандық мәдениет үйіне қызметке орналасыпты. Қолында үкілі домбырасы бар. Бұл 1971 жылы болатын. Сол жылдан бастап Сәкең Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрінің тізгінін қолына нық сеніммен ұстап, өзінің алдындағы саз шеберлері Т.Шүкіров, М.Сыдықов, І.Ілиясовтардың сара жолын одан әрі жалғастырды.
        Оркестрдің дирижері, әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқару кез келген таланттың маңдайына бұйыра бермейді. Сайлау сол тұстан бастап өзі жарты ғасырға жуық сеніммен қолына ұстаған дирижердің сиқырлы таяқшасын кейінгі жастарға тапсырғанша қарақан басының қамын ешбір ойлаған емес. Қашан көрсең де қарбалас жұмыс басында. Жұрт түскі үзілістен жұмыстарына келіп жатқанда Сәкеңнің үйіне қарай бара жатқанын жұрт жұмыстан қайтқанда оның есігі бар, терезесі жоқ түкпірдегі аядай кабинетінен қас қарайғанша алуан сазбен арпалысып отырғанын көретінбіз.
         Арал аудандық мәдениет бөлімін сол жылдары басқарған Құдайберген Жасекенов, өзінің құрдасы Кәдірхан Махмутов өнер десе ішкен асын жерге қоятын айтулы азаматтар болатын. Сонан да шығар, олар Сайлауға ұдайы қамқорлық жасап, атақты оркестрдің өсіп-өркендеуіне, материалдық жағдайын жақсартуға көңіл бөліп отыратын. Осындай қамқорлық жемісі болар Сайлау басқарған Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрі заманында алдына қара салдырмады. Атағы Аралдан асып, облыс, республика көлеміне кеңінен танылғанын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Талай мәрте облыстық өнер байқауларына қатысқан бұл ұжым Алматы сахналарында да жүлделі орындардан көрінді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, сахна төрінде сиқырлы таяқшасын сермеп тұратын Сайлау Тілепов есімі бұл жылдары көпшілік көз айымы іспеттес болған еді. 
         Бір күні республиканың сол тұстағы астанасы Алматыдан, одан облыстық партия комитетіне, олар теңізден балығын аулап, төрт түлігін дала төскейінде алаңсыз бағып жатқан Арал ауданының басшыларына телефон шалады. Бұл 1974 жылы болатын. Осылай да осылай дейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сол жылғы күзде КСРО сияқты алып елдің астанасы Мәскеу қаласында өтетін дәстүрлі бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысу мүмкіндігіне Қазақ ССР-і бойынша Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрі ие болыпты. Бұл шалғайда жатқан ауданның өнер шамшырақтарына көрсетілген зор сенім болатын.
         Сол тұста аталмыш айтулы көрмеге Сайлау Тілепов басқарған оркестрдің мүшелері тайлы-таяғы қалмай қызу дайындыққа уақытпен санаспай кірісіп кеткен еді. Оркестр дайындығына жалпы басшылықты аупартком хатшысы Набат Маханов, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Райғани Сүлейменов, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Отан соғысының ардагері Құдайберген Жасекенов қолға алғанымен негізгі салмақ оның көркемдік жетекшісі, әрі дирижері жиырма төрт жастағы Сайлаудың иығына түскен еді.
Ол жылдары қазіргідей қалта телефоны жоқ. Үй телефоны да біреуде бар, біреуде жоқ кезі. Сол дайындық барысында Сайлаудың жаяулап-жалпылап жұмыс аяғында оркестр мүшелерінің үйлерін іздеп табанынан тозғанын білеміз. Осылайша ол оркестрдің Дайрабай Үркімбаев, Мықтыбай Қызылбаев, Мақашбай Алмағамбетов, Байнияз Тілепов, Тәжібай Үмбеталиев, Қибатулла Ибраев, ағайынды Қуаныш пен Алданыш Әбжалиев, Қаппар Жармағамбетов, ерлі-зайыпты Шудабай Ілиясов пен Әзиза Аманова, Төлебай Сапаров, Күнқияш Омарова, Бекболат Сәдуақасов, Арал қаласындағы өнер мектебінен Темірхан Алдашев, Нағашыбай Құлманов, Гүлзира Ибашева, Төлебай және басқа қырыққа жуық әншілері мен домбырашыларын бір арнаға тоғыстырған еді.
         Көп кешікпей зор дайындықтан, үлкен әзірліктен өткен Сайлау бастаған аралдық өнерпаздар оркестрі Мәскеу төрінде ел мен жердің мәртебесін асқақтатты. Өнерге деген талғамы мен таңдауы өзгеше мәскеуліктер, көрмеге алыс-жақын шетелдерден ат арытып келген қонақтар Арал аудандық мәдениеті үйі жанындағы Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауындағы Бетховен, Гитраус, Хачатурян, А.Жұбанов, Е.Брусыловский, Н.Тілендиев шығармаларына айрықша қол соқты.
         Көрме қорытындысы бойынша оркестр ұжымы жүлделі 2 орынды иеленіп, дирижері Сайлау Тілеповтің омырауында аталмыш көрменің күміс медаль жарқырап, зор қуанышпен елге оралды. Арада өткен азғана уақыттан соң оркестр мүшелері енді туысқан Қарақалпақ елінде өтетін өнер сапарына уақытпен санаспай дайындалуға кірісіп кетті. Осы дайындық барысында оркестр ұжымының аудан, облыс еңбекшілеріне өнер көрсетуі, әртүрлі деңгейдегі байқау фестивальдерге белсене  қатысуы қамтамасыз етілді.
         Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасына дейін қазақ елінің құрамында болған туысқан Қарақалпақ халқы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов бастаған еңбекшілер делегациясын құшақ жая қарсы алған еді. Делегация құрамындағы еңбек озаттары, мәдениет пен өнер майталмандары алдымен ел астанасы Нүкіс қаласында жұртшылықпен дидарласты. Мұнан кейін Мойнақ, Қоңырат және басқа аудандарға бөлініп, ол жерлердің тұрғындарына өз өнерлерін паш етті.
         Осынау өнер сапарында ерлі-зайыпты Шудабай Ілиясов пен Әзиза Аманова, Байнияз Тілепов, Күнқияш Омарова, Дабыл Омаров, Мақашбай Алмағамбетов және басқалары туыс ел тыңдармандарына қазақтың халық әндерін әуелете шырқап халық композиторларының күйлерін күмбірлете төкті.
         Қарт Аралдың шағаласы шулаған, балығы тайдай тулаған айдынын  аралдықтармен қатар емген Қарақалпақ ағайындар Сайлау басқарған оркестрдің өрелі өнеріне тіпті тәнті болғанын сол тұстағы баспасөздер жарыса жазғаны есте. Арал өнерпаздарының бұл жолғы өнеріне шексіз риза болған Қарақалпақ АССР-і басшылығы оркестрді Құрмет грамотасымен және жекелеген орындаушылардың үздіктерін түрлі дәрежедегі сыйлықтармен марапаттаған болатын.
         Сайлау Тілеповтің Арал өнерін өркендетуге қосқан үлесі көрнекті, қаншалықты қомақты болса, оның өзі соншалықты қарапайым, қарақан басының қанынан гөрі оркестрдің жайын көбірек күйттеп кететін. 1982 жылы Шижаға ауылдық клубының жанындағы халық аспаптар оркестрін Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға дайындаған Сәкеңнің еткен еңбегі, төккен тері текке кеткен жоқ еді. Ауыл өнерпаздары сол байқауда үздік шығып, өнерлері теледидар арқылы паш етілсе, 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығы құрметіне өткізілген бүкілодақтық байқауға қатысқан Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрі лауреат атанып, Латвияның астанасы Рига қаласына барып өнер көрсету құрметіне ие болған. Арада үш жыл өткенде, 1988 жылдан бастап Сәкеңнің шеберлігі, біліктілігі нәтижесінде мәдениет мекемесі жанынан заман талабына сай жаңа ансамбль жасақталды. Бұған музыкалық сауаты бар білікті жастарды Сайлау ыждағаттылықпен іріктеді, уақытпен санаспай әзірлік жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде өмірге келген «Шалқы теңіз» ансамбль сахна төрінде өнер көрсету құрметіне ие болғанын білеміз. Тіпті аталмыш ансамбль сол жылдары теледидарда өз өнерін республика көрермендеріне паш еткенін қайтіп ұмытармыз.
         Саз шебері Сайлау Тілеповтің елу жылға таяу уақыт бойы Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрін биік белестерге жетелеген ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2003 жылы ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталып, облыс әкімінің 2007 жылғы стипендиаты атанды. Әр жылдары Қызылорда облысының 70, Арал ауданының 80 жылдығы ескерткіш медальдарын омырауына тағып, 2010 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағына ие болған еді.
         «Жігітке жеті өнер де аз» дейді екен дана халқымыз. Жастайынан музыка әлеміне құмартқан Сәкеңнің сазгерлігін де біз жақсы білетінбіз. Аралдық ақын Серік Сейітмағамбетовтің сөзіне осыдан қырық бес жыл бұрын жазылған «Жан достарым» әнінің «Келіңдерші күнде үйге, өтсін әнмен әр күнім». Сонда нұрлы бұл дүние, сонда мен де бақыттымын деген шумақтарын оның жан достары Қуанышбай, Жұмахмет, Шымкентбай бәріміздің қосыла шырқап тұратынымыз күні бүгінгідей есте. Қайран, туған жер төсінде алаңсыз күн кешкен арманшыл  жастық шағымыз қайдасың сен?
          Сайлаудың мұнан басқа да жергілікті авторлардың тырнақалды балауса өлеңдеріне жазған әндері бір төбе болатын. Олардың ішіндегі «Аяулым», «Туған қалам Аралым» сияқты әндерін Сәнімкүлшат Өмірзақова, Гүлбану Матығұлова сынды әнші қарындастарымыз нақышына келтіре орындаушы еді. Бәлкім, ол әндер әлі ескірмеген шығар, әрбір аралдықты аға буын ұрпақтың жастығын естеріне сағынышпен оралтып, сахна төрінде шырқалып жүрген болар деп сенемін. Сәкең «Тілеповтер» жанұялық ансамблінің ұйымдастырушысы көркемдік жетекшісі ретінде де тыңдармандар ықыласына бөленген өнер иесі болатын.
          Тірі болғанда үстіміздегі жылғы 8 наурызда 70 жасқа толатын белгілі саз шебері Сайлау Тілепов сияқты талант иесінің есімін ел жадында мәңгі қалдыру мақсатында жергілікті билік өкілдері, облыстық тілдерді дамыту және мәдениет басқармасының басшылығы күллі өмірі өткен, сол ауданның мәдениеті мен өнерін өркендетуге бір кісідей үлес қосқан оның құрметіне Арал қаласынан көше атын берсе, 70 жылдығына байланысты мәдени шаралар өткізілсе деген тілек қосамын. Талантқа қандай құрмет көрсетілсе де артық болмас деп ойлаймын.
Күй етіп күмбірлеткен көпке сөзін,
Келмеске көп болыпты-ау кеткелі өзің.
Өнердің сүрінгенде сәйгүлігі,
Көпшілік көл еткен жоқ текке көзін.
Өзіңе тар болды ма, жер үсті осы?!
Қыр асты тіршіліктің теріс көші.
Кетті ме көңіліңде көп арманың,
Адамның адал мінез періштесі?!
Сұсын-ай сұқ көзденген сұм ажалдың,
Көз жасым тарам-тарам...
тұра қалдым...
Күмбірі сен басқарған оркестрдің,
Ішінде естілмейді мына залдың.
Тойымсыз сұм ажалға тоқтам бар ма?!
Талайы таланттардың өтті арманда.
Таяқшаң жалт еткенде сахнада,
Болмайтын бір сәт тыным соққан қолда.
Тіріге жеткізген бе, сірә да арман?!
Алдамшы адам үшін мына жалған.
Сиқырлы таяқшаны сермегенде,
Дүние құлақ тосып тына қалған...
Тас-талқан тулап кеуде талай берік,
Біткенін білмей қалған қалай желік.
Оркестр үніменен толқын атқан,
Көк теңіз «Көбік шашқан», «Адай» болып.
Қайтейін жүрегіңе сыймады арман,
Білгенге бұл тіршілік бейне жалған.
...Мінекей, таяқшаң тұр жетімсіреп,
Музасын дүниенің жинап алған.
Толыбай Абылаев,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы
әдеби сыйлықтың лауреаты.
12 наурыз 2020 ж. 988 0