Өнерімен өрге озған өрен

22 желтоқсан күні Ақтау қаласында "Сөз бен саз" бағдарламасының ұйымдастыруымен жыршы, жырау, қобызшы Айтуған Тайұлының 220 жылдығына орай республикалық деңгейде жыршы-термешілер байқауы өтті. Маңғыстау аймағынан бөлек Қарағанды және Сыр өңірінен барлығы 17 өнерпаз қатысқан жарыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы айналымда "Айтуғанның термесі" және Айтуған Тайұлының шығармашылығынан терме орындау болса, екінші кезеңде өнерпаздар Светқали Нұржановтың "Абыз ата" жыры мен таңдауы бойынша тағы бір терме орындап, өзара мықтыларды анықтады. Нәтижесінде жерлесіміз бас жүлдені еншілеп, 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.
Жеңіспен оралған Хасенхан:
– Республика көлемінде өткен шара кең көлемде қамтылды. Айтуған Тайұлының шығармашылығын насихаттау мақсатындағы бұл байқауға қатысушылардың осалы жоқ. Оның үстіне жас шектеуі болмады. Тағы бір айта кетерлігі, жыр-термелер тек Маңғыстау мақамымен ғана орындалуы қажет деген тапсырма қойылды. Бірақ маңғаз даланың төріне бүкіл Сыр елінің абыройын арқалап барғандықтан, жауапкершіліктің де жеңіл емесін түсіндім. Нәтижесінде жеңіске жеттім, – дейді.
Жас та болса абыройы асқақ жерлесіміздің алған бағасын Светқали Нұржановтың сөзінен-ақ анық аңғаруға болады.
– Бұл Хасенхан Кішкене дейтін оғлан Аралдың Ақбастысынан. Кәдімгі корифей Әбдіжәміл Нұрпейісовтен Берік Жүсіповке дейін шыққан азғантай ауылдың нан емес, нән-талап перзенті. Кеше ғана Ақтауда өткен Айтуған Тайұлы атамыздың жыр сайысынан бас жүлдені бөксеріп барады. Елдос бастаған төрешілер оған бәйгені "құда" болғаны үшін бермегені белгілі. Маңғыстаудың жырларын осы өлкенің төл ұлдарынан асырып орындап, жүлдені жұлып алды. Бағың ассын, талабың тасысын. Қызылорда жыршыларынан Маңғыстаудан бас жүлде алған бір ұл емес. Ізденістегі жан бір бұтақтан жүз жеміс жейді. Ал маңғыстаулық жыршылар атқа шындап қамшы басу керек. Елдос пен Ақылбегі бар ел ұстазға да, қазынаға да кенде емес. Алайда Алмасы мен қос Берігі, Елмұрасы мен Ұлжаны, Күнсұлулары бар Сырынан іңкәрі, жырынан жұпары бұрқыраған жұрағаттан үйренетін үлгілері көп-ақ, – деп әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
Демек бұл алақандай Ақбастыдан шығып, барша Сыр өнерпаздарының мерейін өсірген Хасенханның жеңісі емес, жыр елінің жеңісі десек артық болмайды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ