Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сахна саңлағы Сұлтанбаев

Сахна саңлағы Сұлтанбаев

Құдайберген   Сұлтанбаев.  Бұл   есім   бүкіл   Қазақстанға   белгілі. Ол  Қазақстанның   Халық  әртісі,  ҚР Парламентінің депутаты, қоғам қайраткері, Қазақстанда тұңғыш рет  әзіл-сықақ   театрының   негізін  қалап, құрушылардың  бірі  болды.
  Құдайберген   Сұлтанбаев 1947  жылы 1  мамырда  Арал  қаласында  дүниеге   келген. Ол  1  мамыр – мереке  күні  туғандықтан  әкесі   Тәуекел   Құдайбергеннің   атын  алғашқыда   Первомай     қояйық  деп   ұйғарған.  Бірақ   әжесі   "Первомай  деген  не  тәйірі, қой  әрі, өзімнің  құдайдан   сұрап  алған   балам.   Аты  Құдайберген   болады"  депті. Содан  оның   аты   Первомайдан  өзгеріп, Құдайберген болып  кеткен.  Құдайберген  тірі   болғанда  биыл  1 мамырда   75  жылдығын  тойлап  отырған   болар  едік. Амал не, тағдыр  оған   жазбады.
     Бірақ  ол   өз  өмірінде  артына  өлшеусіз   із   қалдырып, қазақ  театр  өнерін, оның   ішінде   әзіл-сықақ  жанрын  жоғарғы  биікке   көтеріп  кетті. Құдекең  жас  кезінен-ақ  өнерге   бейім  еді. Арал  қаласындағы   №15  қазақ   орта  мектебінде  9-10 кластарды  бірге  оқып, екеуміз бір  партада   отырдық. Мектептің   залында   концерт, жиын  өткізетін  кішкене  сахна  бар  еді, сонда  мереке  күндері  концерт бергенде,   Құдайберген де шығып,    дүмше  молда  туралы  скетч  орындайтын. Үстінде  ұзын  ақ  көйлек, ақ  дамбал, алдында  жайнамаз. Аятта  "Ассалаумағалейкум,  Рахметолла"  деп  екі  жаққа   қарайтын  рәсім  бар. Соны  Құдекең  "Ассалаумағалейкум,  Жақсыбай  құда"  деп  өзгертіп, мені  мазақтайтын. Бәріміз  ішек-сілеміз  қатып  күлетінбіз. Құдекең   сол  кездің  өзінде-ақ  болашақта  жарық  жұлдыз  болатынын  сездіріп  жүр  екен. Екеуміз  жақсы  жолдас, дос  болдық. Ол  тамаша   суретші  еді, егер  актерлық  жолды   таңдамай, Ә.Қастеев атындағы  көркемсурет  училищесіне  түскенде, одан  қазақтың  маңдайалды суретшісі шығар еді. Мен де  Құдайбергендей болмағанмен, әжептәуір сурет  салатын  едім. Бізді  біріктірген  осы  өнер  болды.
Кешегі  кеңестік  кезеңде  1 мамыр, 7 қарашада   бүкіл  мекемелер  қызылды-жасылды  көркемделіп, қаланың  орталық   алаңында  шеру  жасап, тойлаушы  еді. Әр  мектеп  қызыл  матаға  жазылған  30-40-тай  ұрандар  ұстап  шығатын. Біздің   мектеп те  солай. Мектеп    директоры  Беламанов   Жұман  ағамыз  бізді   ұран   жазу   үшін  мерекеге  бір апта  қалғанда  сабақтан  босатып, мектептің  шеберханасына  жіберетін. Қызыл  матаға  ұран  жазу  үшін  тіс  ысатын  порошок  және  сүт  керек. Сол  кезде  5 тиын  тұратын  «Особый» деген  порошок  болды. Мектептің  шаруашылық  меңгерушісіне  тапсырыс  беріп, соның 3-4 қорабын және күн  сайын  3-4 литр  сүт алдырамыз. Порошокты  суға  араластыруға  болмайды, өйткені  әріп  жайылып кетіп  материалды  бүлдіреді. Сондықтан  тек  қана  сүт  керек. Кейін  оның  да  әдісін  біліп  алдық. Суға  кішкене  сұйық  қағаз  желімді  қосса, жазу  жайылмайды  екен. Ал әкелген  сүтті  екеуміз күнде  ішіп  алатын  болдық.
Мектеп  бітіргеннен  кейін  Құдайберген  №13  мектепке   суреттен  сабақ беретін мұғалім болды. Мен  мәдениет  бөлімінде  инспектормын. Бірақ сурет  салуды  тоқтатқаным  жоқ. Театрдың  спектакльдеріне, мерекелік  түрлі  іс-шараларға арнап сахнаны безендіру  үшін  декорациялар  саламын. Бірде Ұлы  Октябрь  революциясының  50 жылдығына  арнап сахнаға  декорация  салу  керек  болды.Ұзындығы 12, ені   6 метрлік  ақ  матаны  сол  кездегі  "Маяк" клубының  (қазіргі  жыраулар  үйі)  фойесіне жайып  жіберіп, Лениннің  бронды машинаның  үстінде  тұрған  суретін  матаның  үстінде жалаң   аяқ  жүріп  салып  жатырмын. Жаңылып  кетпес  үшін  қолымдағы  кішкене  суретті  де, матаны  да  торлап  сызып  алғанмын. Декорация  жалпы  жаман болған  жоқ, бірақ  Лениннің  бір  көзі  қитар болып  шықты. Олай  да,  бұлай да  әуреледім, болмады. Салтанатты  жиынның  уақыты  тақалып  қалды, бітпей  қала ма деген  уайым  бар, өзім де әбден  шаршап, түскі  асқа  үйге  бармай, декорацияның жанында  шалқамнан  түсіп  жатыр  едім, бір  кезде  Құдайберген  келіп  тұр. "Құдеке, мынаған  не  емің  бар, қанша әурелесем де  мына  көзді  келтіре  алмадым" дедім. Құдайберген  сөзге  келместен  қолына  бояу мен  қылқаламды  алды  да, көзді  түртіп-түртіп  жіберіп  еді, жайнап шыға  келді. "Құдеке-ау, не  істедің, қалай  шығардың" деп  жатырмын  мен  қуанып. "Ой, Жәке, "Володя,  алдыңа  түзу  қара" деп едім, қалай  қарағанын  өзі  де  білмей  қалды"  деп  күледі.
90-жылдары  Құдайберген  "Тамашаның"  гастрольдік  сапарымен  Аралға   келді. Бірден   маған  соқты. Мен ол  кезде  музейдің  директорымын. Су   жаңа  Москвичім  бар.  "Жәке, өзіммен  бірге  қасымда  отбасым  бар, қайтқанша  менімен  бірге  бол" деді. Қасында  әйелі, балалары   және  өздерімен  жақсы  араласатын Мәдина Ералиева  бар  екен, бәрі  менің  машинамда  болды. Бірнеше  күн бірге  жүріп  Қазалыға  дейін  шығарып  салдым. Концерттің  арасында  менімен  әке-шешесінің  басына  барып, құран  бағыштады. Зираттары  "Электросеть"  мекемесінің  жанындағы  қорымда  екен. Оның   арасында  Жақсықылышта  бір  ағайыны  бар екен, соған  барып,  сәлем  беріп  қайтты. Балаларым  бір жерден  бір  сувенир  қара  күшік  әкеліп  еді, соны  машинаның алдыңғы панеліне бекітіп қойғанмын. Өзі сондай  сүйкімді, машина  қозғалса  ол да  бірге  қозғалып, басы  қалтылдап  күлкіңді  келтіретін. Құдекең  кіреміз де  шығамыз  дегесін,  машинаны  құлыптамағанмын. Үйден  шығып, машинаға  келсек  әлгі  күшік  жоқ, біреу  қағып  түсіпті. Сонда  Құдекең: "Әй, Жақсыбай, басың  аман  болсын, күшік  жоғалса  тағы бір күшікті  асырап  аларсың" деп  күледі. Құдайбергеннің  мұндай  фразалық   сөздері  көп болатын. Бірде Құдекең бір топ адаммен бір үйде   қонақта  отырыпты. Әрине шәй, шәймен  бірге  ішімдік. Ет  тамақ  болатын  кезде  үй  иесі: "Жігіттер, қазір  үлкен  тамақ  болады, біздің  жақта  үлкен  тамақта  ішімдік  ішілмейді"  депті. Сонда  Құдекең: "Ә, онда  шәй  ішіп  отыра  берейік" депті. Парламентте   депутат  болып  жүргенде  басқа   депутаттардың  түрлі   хикаяларын  көріп:  "Парламентте әртіс  жалғыз мен  бе  десем, мұнда  менен де  асқан  әртістер  бар  екен ғой" депті. Мұны  Тұңғыш Президент  естіп,  рахаттанып  күліп, кейінгі  сұхбаттарында да  айтып  жүрді.
Сырттай  қарағанда,  Құдекеңде  арман жоқ сияқты  еді. Қазақстанның  Халық  әртісі, Парламент депутаты, қоғам  қайраткері, тағы  не  керек, бәрі бар. Бірақ  Құдекеңде  арман  көп  еді. Аралға  бір  келгенінде  маған: "Осылай  өмір  бойы  әзіл-сықақта  жүре берем бе, академтеатрда  басты  рольде ойнасам, киноға  түссем, тарихи  тұлғалардың  ролін  сомдасам" деп  армандаған. Сол  арманына  ішінара  болмаса, толықтай  жете  алмады. Ол бесаспап  жан  еді, қолынан  бәрі  келетін. Ағаштан, темірден  түйін түю  оған  түк емес  болатын. Үйдің әртүрлі жөндеу жұмыстарын өзі істейтін. Үйінен күнделікті  шаруашылыққа  керекті  заттардың  бәрі  табылатын.
Құдекеңмен  қанша  кездесіп  жүргенде бірге  суретке  түсу  ойымызға  келмепті. Құдекең де, мен де  жылтыңдап  суретке түсе  беруді ұнатпаушы  едік. Тек  бір рет  қана  студенттік  кезде  Алматы  қонақ  үйінің  жанындағы  көгалда  суретке түсіппіз.
Құдайберген   Сұлтанбаев   феномені  туралы   әлі  талай  айтылар  да, жазылар да... Туған  топырағымыздан  өнердің  шоқтығы  биік  шыңына  шыққан  тума   таланттың  туғанына  Арал халқы  әрқашан  қуанады, мақтанады. Құдекең  досым  болғандықтан,  мен де  солармен  бірге  екі есе қуанып, мақтанамын.
Ж. ӘБІЛДАҰЛЫ.
30 сәуір 2022 ж. 1 731 0